Мәскеулік полиция оралдық ер адамды азаптап, соғысқа баруға мәжбүрлеген

Сырым Қаржас
Фото: Уральская неделя

Қазақстандық мейіргер Жазылбек Әжғалиев Мәскеуге нәпақа табу үшін барғанымен, ресейлік полицияның азаптауына тап болған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Оқиғаның мән-жайы

Оқиға туралы ер адамның әпкесі Маруа Ескендірова «Уральская неделя» басылымына айтып берген. Оның айтуынша, Жазылбек Мәскеуге амалсыздан кеткен.

Бауырының үш баласы бар, сондай-ақ екі несиесі болғандықтан, отбасын асырау үшін табыс табуға мәжбүр болған.

Қазақстан азаматы Мәскеудегі клиникалардың біріне мейіргер болып жұмысқа орналасып, уақытша тіркеуге құжат тапсырған. Алайда 19 қаңтар күні ол көші-қон орталығына барғаннан кейін байланысқа шықпай қойған.

Жазылбектің жоғалуына байланысты арыздар Мәскеуде де, туған қаласы Оралда да полицияға тапсырылған.

Үш күн азаптаған

22 қаңтар күні Жазылбек отбасы мүшелерімен байланысқа шыққан. Ол сол кезде Алматыда болған.

Ер адамның айтуынша, оны ресейлік полиция қызметкерлері ұстап әкетіп, бөлімшеде соққыға жығып, электрошокермен азаптаған. Осылайша одан Ресей Қорғаныс министрлігімен соғысқа қатысу жөніндегі келісімшартқа қол қоюды талап еткен.

Маруа Ескендірова бауырының басынан өткен жағдайды былай деп жеткізді:

- Оны полиция бөліміне апарып, аяусыз ұрған. Үш тәулік бойы соққыға жығып, электрошокермен азаптаған. Ол: “Өлтірсеңдер де қол қоймаймын”, – деп жауап беріп, Қазақстанға депортациялауды талап еткен. Қазір ол қатты шок алып қалған, – деді ол.

Елден шығарылып, Ресейге кіруге тыйым салынған

Нәтижесінде Жазылбек Әжғалиев Ресейден депортацияланып, оған бес жылға ел аумағына кіруге тыйым салынған.

Қазіргі уақытта ер адамның жақындары Ресей полициясы мен әскери комиссариаттың әрекетін заңсыз деп санап, Қазақстанның мемлекеттік органдары бұл іске құқықтық баға береді деп үміттеніп отыр.