Жекеменшік мектептерде бюджет қаржысы жымқырылған

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Қазақстанда жекеменшік мектептер саны соңғы бес жылда күрт артқанымен, бұл өсіммен қатар мемлекеттік қаржының жымқырылуы мен мақсатсыз жұмсалуы да көбейгені анықталып отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Қаржы министрлігінің дерегінше, 2020 жылы елде небәрі 203 жеке мектеп болса, 2025 жылға қарай олардың саны 878-ге жеткен. Осы кезеңде аталған білім беру ұйымдарында оқитын балалар саны да алты есеге өсіп, 53 мыңнан 322 мың оқушыға дейін артқан.

Оқушылар санының көбеюімен бірге бюджеттен бөлінетін қаржы көлемі де бірнеше есе ұлғайған. Егер 2020 жылы жекеменшік мектептерді қаржыландыруға 13,3 млрд теңге жұмсалса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 248 млрд теңгеге жеткен. Яғни бес жыл ішінде шығын көлемі шамамен 20 есеге артқан.

АУДИТ

Алайда Қаржы министрлігі жүргізген аудит бұл қаржының барлығы бірдей білім сапасын арттыруға бағытталмағанын көрсетті. Министрлік мәліметінше, жекеменшік мектептердің едәуір бөлігі мемлекеттік қаржыландыруды білімге қолжетімділікті қамтамасыз ету тетігі ретінде емес, бюджет есебінен табыс табудың көзіне айналдырған. Тексеру барысында оқушы санын қолдан көбейту, жалған есеп беру, қаражатты нақты оқу процесіне қатысы жоқ бағыттарға жұмсау секілді көптеген заңбұзушылықтар анықталған.

Қаржы ведомствосы бұл фактілердің бірқатары мемлекеттік органдар тарапынан тиісті бақылаудың болмауынан орын алғанын, ал кей жағдайларда жауапты лауазымды тұлғалардың тікелей қатысы болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Мұндай жағдай миллиардтаған теңгенің білім беру сапасына емес, жеке мүддеге қызмет етуіне жол ашқан.

Министрліктің айтуынша, аудиторлық тексерулер әлі жалғасып жатыр. Қорытындысы бойынша жекеменшік мектептерді қаржыландыру жүйесін қайта қарау, бақылау тетіктерін күшейту және бюджет қаражатының ашықтығын арттыруға бағытталған ұсыныстар әзірленбек. Қажет болған жағдайда анықталған деректер құқық қорғау органдарына жолдануы мүмкін.