Абай облысында әскерден қайтуына екі ай қалған сарбаз Қазыбек Оспанов қайтыс болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Түркістан облысы Өргебас ауылында отбасы қара жамылды. Әскер қатарында борышын өтеп жүрген жас сарбаздың мәйіті туған үйіне табытпен жеткізілді. Марқұмды отбасы екі айдан кейін аман-есен оралады деп күтіп отырған.
Қайғылы оқиға 2026 жылғы 23 қаңтарда Абай облысы Жаңғызтөбе елді мекенінде орналасқан 47007 әскери бөлімде болған, деп жазды журналист Гүлмира Әбіқай.
Алдын ала мәліметке сәйкес, қатардағы сарбаз Қазыбек Оспанов сол күні көз жұмған. Марқұмның анасының айтуынша, қаралы хабарды әскери бөлім командирі өзі жеткізген.
- Денесін ашуға, көруге болмайды. Сарбаз нарядқа түскен күні сейфті жұлып ашып, қарумен өзін-өзі атып өлтірген. Өзім шоктамын, — деген бөлім командирі сарбаздың анасына.
Қаралы хабардан кейін әкесі есеңгіреп қалған, ал анасы есінен танып қалған. Сарбаздың денесімен бірге келген медициналық анықтамада өлім себебі «ошақтық бас ми жарақаты» (очаговая травма головного мозга) деп көрсетілген.
Қазыбек Оспанов — отбасының бес баласының кенжесі болған. Марқұмның туыстары мен жақындары қайғылы жағдайдың әділ әрі ашық тергелуін талап етіп отыр.
ҚОРҒАНЫС МИНИСТРЛІГІ НЕ ДЕЙДІ
Министрлік мәліметінше, 23 қаңтар күні Өскемен гарнизонындағы әскери бөлімдердің бірінде қарауыл қызметін атқару кезінде мерзімді әскери қызметші өзіне бекітілген қарудан өз-өзіне оқ атып, алған жарақатынан көз жұмды. Сарбаз өткен жылдың сәуір айында мерзімді әскери қызметке шақырылған.
Бұл факт бойынша Қазақстан Республикасы ІІМ Шығыс өңірлік әскери-тергеу басқармасының Өскемен бөлімі қылмыстық іс қозғады. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысы Өскемен гарнизонының әскери прокуратурасының бақылауында. Оқиғаның себептері мен мән-жайы анықталуда. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді.