Бабақұмаровтың өліміне қатысты сот жабық өтетін болды

Сырым Қаржас
Ашық дереккөзден

Астанада Алматы қаласы әкімінің бұрынғы кеңесшісі Ержан Бабақұмаровты өлтіру ісі бойынша алдын ала сот тыңдаулары басталды. Алғашында отырыс сағат 15:00-ге белгіленгенімен, кейін 16:00-ге шегерілді. Бұған айыпталушыны алып келуге тиіс конвойдың кешігуі себеп болған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Бабақұмаров ісі бойынша тараптардың барлығы — жәбірленушілер, айыптау тарапы және айыпталушының қорғаушысы сот процесін жабық форматта өткізуді сұрап, өтінішхат жолдаған.

Сондай-ақ судья Айжан Құлбаева да фото және бейнетүсірілім жүргізуге рұқсат беруден бас тартты. Бұл туралы Ulysmedia.kz тілшісі сот залынан хабарлады.

БАБАҚҰМАРОВТЫҢ ӨЛІМІ

Ержан Бабақұмаров 2025 жылғы 30 қазанға қараған түні елордадағы Millennium Park тұрғын үй кешенінде қаза тапқан.

Марқұм сол түні күдікті Ербол Қаукетаймен бірге пәтерде болған. Полиция нұсқасына сәйкес, екеуінің арасында жанжал туындап, ол төбелеске ұласқан.

Қақтығыс кезінде Бабақұмаров бірнеше соққы алып, есінен танып қалған. Оқиға орнына келген медицина қызметкерлері оның көз жұмғанын анықтаған.

Қылмыстық іс бойынша сот процесі жалғасып жатыр.