НАТО Бас хатшысы Марк Рютте Еуропа жақын болашақта Америка Құрама Штаттарының көмегінсіз өзін қорғай алмайтынын мәлімдеді. Оның айтуынша, АҚШ-тың ядролық «қалқаны» – «біздің еркіндігіміздің басты кепілі», деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Бұл пікірін ол 26 қаңтар күні Еуропарламенттің қорғаныс және сыртқы істер комитеттері мүшелерімен кездесуде айтты.
«Егер біреу Еуропалық Одақ немесе жалпы Еуропа АҚШ-сыз өзін қорғай алады деп ойласа, қиялдай берсін. Бұл мүмкін емес», – деді Рютте.
Ол ядролық қалқанды «басты кепіл» деп атап, оның көзқарасын қолдамайтындарға «сәттілік» тіледі.
АҚШ-ТЫҢ НАТО-ҒА ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҒЫ
Рюттенің айтуынша, «АҚШ НАТО-ға Канада мен еуропалық одақтастар сияқты мүдделі». Ол Еуропа мен Канаданың өз қауіпсіздігі үшін көбірек жауапкершілік алуын әділ әрі орынды деп санайды.
«Жақсы жаңалық – олар мұны бастап кетті», – деді альянс басшысы.
ЕУРОПАЛЫҚ ӘСКЕР ҚҰРУ ИДЕЯСЫНА ҚАРСЫ
Рютте Еуропада бірыңғай армия құру бастамасын сынға алды. Оның пікірінше, мұндай құрылым ұлттық қарулы күштерге қосымша ретінде көптеген қайталанатын институттар тудырып, жағдайды күрделендіреді.
«Егер Еуропа шынымен дербес әрекет еткісі келсе, әр елдің қорғаныс шығыны жалпы ішкі өнімнің 5 пайызына емес, 10 пайызына дейін жетуі тиіс», – деді ол.
Сонымен қатар ол АҚШ ядролық қалқанынан айырылу Еуропаға «миллиардтаған еуроға» түсетінін атап өтті. Рюттенің пікірінше, Ресей президенті Владимир Путин Еуропада НАТО-дан тыс бірыңғай армияның пайда болғанына қуанады.
ГЕРМАНИЯ МЕН ФРАНЦИЯНЫҢ ЖАУАБЫ
Германия сыртқы істер министрі Йоханн Вадефуль Еуропа «дұрыс жолда» екенін айтты. Оның сөзінше, егер елдер жалпы ішкі өнімнің 5 пайызын қорғанысқа бөлсе, «әдеттегі құралдармен өзін қорғауға қабілетті болады».
Алайда ол ядролық әлеуетті арттыру «шынымен де күрделі мәселе» екенін мойындады. Вадефуль Еуропаны «тәуелсіздікке көбірек ұмтылуға», бірақ сонымен бірге АҚШ-пен қорғаныс одағын сақтауға шақырды.