24-26 қыркүйек аралығында Қазақстанда ауа райы күрт бұзылады. Синоптиктер найзағай ойнап, жаңбыр жауатынын, жел күшейетінін, ал солтүстікте ауа температурасы -2 градусқа дейін төмендеп, алғашқы үсік жүретінін болжады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты елдің басым бөлігінде ауа райы тұрақсыз болады. Ауа температурасы айтарлықтай төмендейді.
Қай жерде және қанша градусқа дейін суытады
Батыста күндіз ауа температурасы +20...+28 градусқа дейін төмендейді. Солтүстік-батыс пен солтүстікте одан да салқындап, +10...+17 градус болады.
Оңтүстік және оңтүстік-шығыста ауа температурасы +20...+25 градусқа дейін жылынады. Таулы аймақтарда +10...+15 градус шамасында болады.
Орталық пен шығыста айтарлықтай өзгеріс болмайды.
25-26 қыркүйекте елдің солтүстігінде түнде және таңертең ауа температурасы -1...-2 градусқа дейін төмендеп, үсік жүреді. Кей жерлерде таңертең тұман түседі.
Жаңбыр мен найзағай
Елдің басым бөлігінде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Жел күшейіп, кей жерлерде оның екпіні секундына 15-20 метрге дейін жетеді.
Контекст
Бұған дейін 23 қыркүйекте бірнеше өңірде ауа райы бірден нашарлағанын жазған едік. Алматы, Жетісу, Жамбыл, Түркістан, Абай және Шығыс Қазақстан облыстарында жаңбыр жауып, найзағай ойнады.
Қызылорда облысында шаңды дауыл болды. Көптеген өңірде төтенше өрт қаупі сақталып отыр.