Сөз бостандығы шектеле ме? Депутат ұсынысын түсіндірді

Сырым Қаржас
Фото: конституциялық сот

Мәжіліс депутаты Снежанна Имашева Конституцияға «ар-намыс пен абыройды қорғау» туралы норманы енгізуге қатысты ұсынысына түсініктеме берді. Оның айтуынша, бұл бастама сөз бостандығын шектеуге емес, қарапайым азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Депутаттың сөзінше, қоғамда бұл түзетуді «қысым көрсету» ретінде қабылдап жатқандар бар, алайда мәселе мүлде басқа бағытта.

— Ар-намыс пен абырой неге Конституцияда көрсетілуі керек деген сұрақ қойылып жатыр. Ол басқа заңдармен қорғалмай ма дейді. Бірақ мұнда адамды шектеу туралы әңгіме болып отырған жоқ, — деді ол.

Имашеваның айтуынша, бұл норма мемлекеттік қызметкерлерге бағытталмаған және билікті сынауға кедергі келтірмейді.

— Шенеуніктерді сынауға болады, оларға жағымсыз сөз айтуға да болады. Бұл абыройды қорлау болып саналмайды. Бірақ қарапайым адамдар бар. Олар күн сайын әлеуметтік желіні пайдаланады. Сол жерде оларды тек тілдеп қана қоймай, моральдық тұрғыда “өлтіріп”, қорлап жатады, — деп түсіндірді депутат.

Оның сөзінше, адамның ар-намысы — негізгі құндылықтардың бірі.

— Адамның абыройы — базалық құндылық. Бұл тек біздің елде емес, бүкіл әлемде солай. Әсіресе қазір қарапайым адам өте осал күйде қалды, — деді Снежанна Имашева.

Депутат барлық конституциялық түзетулерге бір пакетпен дауыс берілетінін де атап өтті. Егер журналистер бұл норманы баспасөзге қысым деп есептесе, мәселені талқылауға дайын екенін жеткізді.

— Егер журналистер бұл норманы БАҚ-қа қысым ретінде қабылдаса, ұжымдық өтініш жолдауға болады. Біз оны қараймыз. Біз ашықпыз, барлық түзетудің мәнін түсіндіруге дайынбыз, — деді ол.

Сонымен қатар, депутат өзінің ашықтығы күтпеген нәтижеге алып келгенін де жасырмады.

— Мен идеяны емес, өзімді талқылаудың нысанына айналдырып алдым. Сондықтан дұрыс, талқылайық, сынайық. Бұл — сөз бостандығына қатысты бап болғандықтан, сіздер үшін де маңызды, — деді ол.

Журналистер тарапынан «егер біз бұл түзетумен келіспейміз деп ұсыныс жасасақ, не болады?» деген сұрақ та қойылды. Оған жауап берген депутат норманың тағдыры әртүрлі болуы мүмкін екенін айтты.

— Мүмкін алып тасталатын шығар, мүмкін өзгертіледі, мүмкін мүлде қабылданбайды. Бірақ бұл жерде сөз бостандығын қосымша шектеу туралы әңгіме жоқ, — деді Имашева.

Оның айтуынша, қолданыстағы заңнамада ар-намыс пен абыройды қорлау қазірдің өзінде тыйым салынған.

— Сіздер, журналистер, біреудің абыройын қорлай алмайтыныңызды жақсы білесіздер. Біреуді “нашар адам”, “арандатушы”, “маскүнем” деп жаза алмайсыздар. Бұл — қалыптасқан норма. Ал қарапайым адамдар әлеуметтік желіде ондай баға беріп жатады, — деді депутат.

Снежанна Имашева бұл түзету журналистерге де, БАҚ қызметіне де бағытталмағанын тағы да қайталады.

— Тағы да айтамын, бұл — журналистер туралы емес және олардың сөз бостандығын шектеу жөнінде емес, — деп түйіндеді ол.