«Өте жақсы жаңалық»: Ақкенженов Қарашығанақ бойынша арбитраж туралы

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Мәжіліс кулуарында Ulysmedia.kz тілшісінің Қарашығанақ жобасына қатысты инвесторлармен арадағы арбитраждық дауда Қазақстанның жеңіске жетуі жөніндегі сұрағына жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Құпия, бірақ оң нәтиже

Алдымен ведомство басшысы энергетика министрлігі дау барысы мен қабылданған шешімнің егжей-тегжейін жариялай алмайтынын еске салды.

— Қазіргі таңда Қазақстан қатысып отырған халықаралық арбитраж процестері құпия сипатқа ие. Сондықтан бұл ақпаратты не растай алмаймын, не жоққа шығара алмаймын, — деп атап өтті ол.

Дегенмен ашық дереккөздерде жарияланған мәліметтер министрге белгілі бір деңгейде үміт ұялатқанын айтты.

— Барлығымыз Қазақстанға екі миллиардтан төрт миллиард долларға дейін қаражат өндіру жөнінде шешім шыққаны туралы оқыдық. Ашық жарияланған материалдарға сүйенсек, бұл — өте жақсы әрі үміт сыйлайтын жаңалық. Осы деректерге қарағанда, біздің мүмкіндігіміз жоғары, — деді Ерлан Ақкенженов.

Министрдің «жақсы мүмкіндіктер» туралы сақтықпен айтуына қарағанда, арбитраж ісі бойынша шешім түпкілікті болмауы мүмкін. Сарапшылардың пікірінше, Қарашығанақ консорциумына кіретін KPO қатысушылары, оның ішінде Eni мен Shell компаниялары бұл шешімге дау айтуы ықтимал.

БҰҒАН ДЕЙІН 

Қарашығанақ кен орнын игеріп жатқан ірі мұнай компаниялары халықаралық арбитражда жеңіліп, Қазақстанға 4 млрд долларға дейін өтемақы төлеуі мүмкін. Бұл туралы істің барысынан хабардар дереккөздерге сілтеме жасаған Bloomberg агенттігі жазды.