Алматылық мейрамхана қызметкерлері қазақ тіліндегі ас мәзірін бермегені үшін сынға ілікті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Оқиға The Quarter мейрамханасында болған. Мейрамханада қонақтарға мәзір орыс және ағылшын тілдерінде ұсынылған. Қазақ тіліндегі мәзірді бөлек сұратуға тура келген, алайда қызметкерлер оның бар-жоғына қатысты нақты жауап бере алмаған. Алдымен алып келеміз деп уәде бергенімен, шамамен 40 минуттан кейін мәзір тек электронды нұсқада ғана бар екенін хабарлаған. Кейін әкімші қазіргі уақытта мекемеде қазақ тіліндегі мәзір мүлде жоқ екенін нақтылаған.
ҚАЗНЕТ РЕАКЦИЯСЫ
Қазақстандықтар бұл жағдайдан кейін мейрамхананың картадағы мекенжайына “шабуыл” жасап, рейтингін түсіріп тастаған.
ЖАУАП ЖОҚ
Біз мейрамхананың ұстанымын білу мақсатында көрсетілген нөмірдің бәріне хабарлама жазып, бұл жағдайға қатысты пікір білдіруін сұрадық. Алайда материал жарияланған уақытқа дейін мейрамхана өкілдері байланысқа шықпады.
Кері байланыс берілген жағдайда ақпарат қосымша жаңартылатын болады.
БҰҒАН ДЕЙІН
Еске салайық, бұған дейін қазақ тілі мәселесіне қатысты оқиға Шымбұлақтағы Gusto мейрамханасында болған еді. Ол кезде мейрамхана қызметкері қазақ тілінде қызмет көрсетуден бас тартқан болатын.