Киев пен Мәскеу соғысты аяқтау мәселесін Вашингтонмен бөлек келісімдер форматы аясында талқылап жатыр. Қазіргі кезеңде Украина мен Ресей арасында тікелей бейбіт келісім жасалмайды. Бұл туралы Украина сыртқы істер министрі Андрей Сибига мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Оның айтуынша, қазір «20 тармақтан тұратын негіздемелік құжат» жөнінде сөз болып отыр: бұл құжатқа АҚШ пен Украина қол қояды, ал АҚШ Ресеймен жеке келісім жасамақ. Келіссөздер жалғасып жатыр, түпкілікті шешімдер әлі қабылданған жоқ. Еуропа елдері құжаттарға қол қоймайды, алайда Украина үшін қауіпсіздік кепілдіктерін талқылауға қатысып отыр. Алғаш рет бұл уағдаластықтар жалпы уәделер емес, нақты кепілдіктер ретінде тікелей аталып отыр. Сонымен қатар, келіссөз нәтижесіне қарамастан, Украина аумағында америкалық бітімгерлер орналастырылмайды. Ең күрделі екі мәселе — шекаралар мен Запорожье атом электр станциясының мәртебесі болып қала береді. Осы тақырыптарды талқылау үшін Украина президенті Владимир Зеленский Владимир Путинмен жеке кездесуге дайын екенін білдірді.
КОНТЕКСТ
Бұған дейін Financial Times басылымы АҚШ президенті Дональд Трамптың әкімшілігі Киевке берілетін болашақ қауіпсіздік кепілдіктерін Украинаның Донбасс бойынша белгілі бір ымыраларды қамтуы мүмкін бейбіт келісімге келісуімен байланыстырып отырғанын хабарлаған еді. Бұған жауап ретінде Ақ үй жарияланымды шындық сай емес деп атап, мұндай материалдар бейбіт процестің жүруіне кедергі келтіреді деп мәлімдеді. Зеленскийдің айналасындағы өкілдер пікір білдірмегенімен, Киевтегі дереккөз АҚШ-тың қауіпсіздік кепілдіктері тақырыбын тараптарды келіссөзге итермелеу үшін қысым құралы ретінде шынымен пайдаланып отырғанын айтты.
Сонымен қатар, украиналық шенеуніктер мен әскери сарапшылар Донбасты беру Ресейдің жаңа шабуылына жол ашуы мүмкін деп қауіптенеді. Жоғарғы рада депутаты Алексей Гончаренконың мәліметінше, Вашингтонда бейбіт келісімге 15 мамырға дейін қол жеткізуді көздеп отыр. Бұл мерзім АҚШ-та бейресми дедлайн ретінде қарастырылады: одан кейін америкалық тарап келіссөздерден шығуы мүмкін. Украина, Ресей және АҚШ өкілдерінің алғашқы үшжақты келіссөздері демалыс күндері Абу-Дабиде өтті. Зеленский кездесуді оң бағалап, келесі басқосу 1 ақпанға жоспарланғанын хабарлады.