Сирия президенті Ахмед аш-Шараа Мәскеуде Владимир Путинмен кездесті. Келіссөздер Ресейдің Сириядағы, соның ішінде әскери ықпалын сақтап қалуға ұмтылып отырған кезеңде өтіп жатыр. Бұл Кремльдің бұрынғы одақтасы Башар Асад биліктен құлатылғаннан кейін бір жылдан сәл астам уақыт өткен соң болған алғашқы жоғары деңгейдегі кездесу, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Al Jazeera мәліметінше, кездесудің алдында аш-Шараа Путинге Сирияның аумақтық тұтастығын қолдағаны үшін алғыс білдіріп, Ресейдің өңірдегі тұрақтылықты қамтамасыз етудегі рөлін атап өткен. Ал Владимир Путин өз кезегінде Сирия басшысының елдегі жағдайды тұрақтандыру және мемлекеттің тұтастығын қалпына келтіру бағытындағы әрекеттерін қолдайтынын айтты.
Сириядағы соғыс кезінде он жылдан астам уақыт бойы тараптар қақтығыстың қарама-қарсы жақтарында болды. Осыған байланысты Мәскеуде Дамаскідегі жаңа билік Ресеймен ынтымақтастықтан бас тартуы мүмкін деген алаңдаушылық болған.
Келіссөздердің негізгі тақырыптарының бірі — Ресейдің әскери базаларының болашағы. Атап айтқанда, Жерорта теңізі жағалауындағы Хмеймим әуе базасы мен Тартус әскери-теңіз базасының тағдыры талқыланған.
КОНТЕКСТ
Бұған дейін БАҚ Ресейдің Сирияның солтүстік-шығысындағы Камышлы әуежайынан өз күштерін шығарғанын хабарлаған. Осыдан кейін Мәскеудің Сирия аумағында тек екі әскери базасы ғана қалды. Бұл — бұрынғы КСРО аумағынан тыс жердегі Ресейдің жалғыз әскери нысандары.
Сарапшылардың пікірінше, Сирияның жаңа басшысы прагматикалық саясат ұстанып отыр. Аш-Шараа бір жағынан Мәскеумен жұмыс қатынастарын сақтауға тырысса, екінші жағынан АҚШ және өзге елдермен байланыс орнатып, бір ғана серіктеске тәуелділікті азайтуды көздейді.
АСАДТЫ БОСАТУ
Ресей Башар Асад пен оның отбасына баспана бергеніне қарамастан, аш-Шараа Мәскеуге қатысты риторикасын жұмсартқан. Алайда ол Асадты экстрадициялауды талап етіп, сириялықтарға қарсы репрессияларға кінәлі тұлғаларды жауапқа тарту қажеттігін мәлімдеп отыр.
Кремль үшін Сириядағы ықпалын сақтау өзге одақтастар төңірегіндегі тұрақсыздық аясында ерекше маңызды. Олардың қатарында Иран мен Венесуэла да бар.
Сонымен қатар, Сирияның жаңа билігі АҚШ-пен стратегиялық қарым-қатынас орнатуға ниетті екенін мәлімдеді. Вашингтон да диалогқа дайын екенін байқатып отыр. Бұған дейін АҚШ Дамаскіні күрд қарулы топтарымен ынтымақтастықтың қауіптері жөнінде ескерткен, алайда кейін қақтығысты тоқтатуға делдал болды. Бұл АҚШ-тың Сириядағы жағдайды дипломатиялық жолмен тұрақтандыруға талпынып отырғанын көрсетеді.