2025 жылы Enbek.kz электронды еңбек биржасында ең жоғары жалақы ұсынылатын және ең төмен ақы төленетін мамандықтар белгілі болды. Нарықтағы негізгі айырмашылық жалақы деңгейінде байқалады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Жыл ішінде ең көп сұранысқа ие мамандықтар қатарында мейіргерлер, тәрбиешілер, жүргізушілер мен санитарлар болды. Алайда бұл салалардағы ұсынылатын жалақы деңгейі төмен болып қалды. Атап айтқанда, мейіргерлерге 143–178 мың теңге, тәрбиешілерге 139–182 мың теңге, автокөлік жүргізушілеріне 151–195 мың теңге, ал санитарларға 110–133 мың теңге айлық ұсынылған.
Сонымен қатар жұмыс іздеушілердің жалақыға деген күтімі бұдан әлдеқайда жоғары екені байқалады. Мысалы, бухгалтерлер орта есеппен 308 мың теңге, заңгерлер 294 мың теңге, жүргізушілер 250 мың теңге, ал тәрбиешілер 199 мың теңге жалақы сұраған.
ЕҢ КӨП ЖАЛАҚЫ
2025 жылы жұмыс берушілер ең жоғары жалақыны флоттағы штурман мамандығына ұсынған. Бұл лауазым бойынша айлық 875–900 мың теңге аралығында көрсетілген. Сондай-ақ тау-кен өнеркәсібінде учаске бастығының орынбасарларына 714 мың теңгеден жоғары, ал бұрғылау қондырғыларының машинистеріне 700 мың теңгеден бастап жалақы ұсынылған.
Ал түйіндемелерде көрсетілген ең жоғары күтілетін айлық пилоттарда тіркелген — 1,9 млн теңге. Бұдан бөлек, тау-кен саласындағы басшылардың орынбасарлары 1,2 млн теңге, кеме капитандары 1,1 млн теңге жалақы көрсеткен.
Жалпы алғанда, 2025 жылы Enbek.kz порталында 1,3 миллионнан астам бос жұмыс орны жарияланғанымен, ұсынылатын жалақы мен үміткерлер күткен табыс арасында айқын алшақтық сақталған.