Ресейдің Украинаға қарсы соғысы басталғанына төрт жылға жуық уақыт өтсе де, ауыр жарақат алған бейбіт тұрғындар саны арта түсуде, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Бұл туралы Мюнхенде өткен жиында Handicap International (HI) үкіметтік емес ұйымы мәлімдеді. Ұйым дерегінше, зардап шеккендер арасында ауыр күйік алғандар, қол-аяғынан айырылғандар, есту және көру қабілетін жоғалтқан азаматтар көп.
Елде профильдік мамандар мен қажетті медициналық құрал-жабдықтар қатты жетіспейді. HI өкілдері физиотерапияға, протездеуге және психологиялық көмекке деген сұраныс айтарлықтай артқанын атап өтті, деп жазады DW.
Ұйымның бағалауынша, Украинада шамамен 300 мың адам соғыс қимылдары салдарынан жарақат алған. Сонымен қатар соғыс басталғанға дейін елде 2,7 миллионға жуық мүгедектігі бар адам тұрған. HI мәліметінше, қақтығыс жағдайында бұл санаттағы адамдар ерекше осал күйде қалып, базалық медициналық көмекке қол жеткізуде үлкен қиындықтарға тап болып отыр.
Сондай-ақ ұйым өкілдері зымыран және дрон шабуылдарынан, миналардың жарылуынан кейін оңалту көмегіне жүгінетіндер саны көбейгенін айтады. Физикалық жарақаттардан бөлек, көптеген зардап шеккендер депрессияға және посттравмалық стресс синдромына шалдыққан.