Қытайлықтар Қазақстанда жаңа электр станциясын салады

Сырым Қаржас
pixabay.com

Қытайлық инвестор State Power Investment Corporation (SPIC) Павлодар облысында жел электр станциясын салмақ. Инвестиция көлемі - 1,2 млрд доллар, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Желге ұшқан қаржы

«Таза» энергетика саласындағы жаңа жобаға Energy Monitor телеграм-арнасында сарапшы Нұрлан Жұмағұлов назар аударды. Оның айтуынша, қуаттылығы 1 ГВт болатын электр станциясын 2029 жылдың екінші тоқсанында пайдалануға беру жоспарланып отыр.

— Бұған дейін жинақтаушы жүйелері бар гигаватттық жел электр станцияларын TotalEren, Masdar, Acwa Power және қытайлық CPIH салуы тиіс болған. 15 жылға бекітілген кепілдендірілген тариф орта есеппен бір киловатт-сағатына 4,2 центті құрады. Бұл ашық аукциондарда ұсынылатын кәдімгі жел электр станцияларының (жинақтаушысыз, шағын қуаттар) тарифінен екі есе жоғары, — деп көрсетеді Нұрлан Жұмағұлов.

Сондықтан жаңа жел электр станциясынан өндірілетін электр энергиясы қымбат болуы мүмкін. Мұның басты себебі — энергия жинақтаушы жүйелер, олардың қызмет көрсетуі қосымша шығынды талап етеді.

Барлығы инвестор үшін бе?

Сарапшы қытайлық инвесторды корпоративтік табыс салығынан, импорттық баждардан және әкелінетін жабдыққа қосылған құн салығынан босату мәселесі қарастырыла ма деген сауал қояды. Мұндай преференциялар бұған дейін дәл осындай ауқымды жобаларды жүзеге асырып жатқан компанияларға берілген.

Сондай-ақ жобаның іс жүзінде қаншалықты «жасыл» болатыны және пайдаланылған жел қалақтарын кәдеге жарату мәселесі қалай шешілетіні де назар аудартады.

— Қазақстанда жел электр станцияларынан шыққан тозған қалақтарды утилизациялау қалай жүргізіледі? Утильалым қашан енгізіледі? — деген сұрақ қояды сарапшы жаңа инвестордың келуі аясында.