АҚШ пен Канада арасындағы сауда дауы күшейді

Ілияс Бақыт
Ашық дереккөзден

АҚШ президенті Дональд Трамп Канада билігі америкалық Gulfstream бизнес-джеттерін сертификаттамаса, көрші елде өндірілген барлық ұшақтарға 50 пайыздық баж салығын енгізетінін мәлімдеді. Сонымен қатар ол Bombardier компаниясының лицензиясын қайтарып алу мүмкіндігін де ескертті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТРАМПТЫҢ ЖАҢА МӘЛІМДЕМЕСІ

2026 жылдың 29 қаңтарында, бейсенбі күні кешке Дональд Трамп тағы да Канадаға қарсы қатаң шара қолданатынын айтты. Бұл жолы ол көрші елде жасалған барлық ұшақтарға 50 пайыздық қосымша салық енгізетінін жариялады. Егер Оттава америкалық Gulfstream компаниясының бірнеше үлгісін дереу сертификаттамаса, Bombardier және басқа да канадалық өндірушілердің ұшақтарына рұқсат құжаттарын қайтарып алатынын ескертті.

БОМБАРДЬЕ КОМПАНИЯСЫНЫҢ ЖАУАБЫ

АҚШ президенті әкімшілігінің өкілі Трамптың Канададан келген, АҚШ-та қазір қолданыста жүрген ұшақтарға тыйым салмайтынын нақтылады. Bombardier концерні президенттің мәлімдемесін назарға алғанын және Канада үкіметімен байланыста екенін хабарлады. Компания авиациялық қатынастарға ауыр салдар тигізбеу үшін мәселенің тез шешілуіне үміт білдірді.

Трамптың айтуынша, Канада Gulfstream G500, G600, G700 және G800 үлгілерін сертификаттаудан бас тартқан. Ол өзінің Truth Social әлеуметтік желісінде жазды.

«Бұл жағдай дереу түзетілмесе, Америка Құрама Штаттарына сатылатын барлық ұшақтарға 50 пайыздық баж салығын енгіземін» деп жазды.

Айта кетейік, АҚШ-тың Азаматтық авиация федералдық басқармасы (Federal Aviation Administration – FAA) және Еуропаның авиациялық қауіпсіздік агенттігі (European Union Aviation Safety Agency – EASA) G800 үлгісін 2025 жылдың сәуірінде сертификаттаған болатын.

АҚШ ПЕН КАНАДА АРАСЫ

Трамптың жаңа мәлімдемесі АҚШ пен Канада арасындағы сауда қатынастарында шиеленіс күшейген кезеңде жасалды. АҚШ-тың канадалық импортқа енгізген баж салығы салдарынан Канада премьер-министрі Марк Карни елдің АҚШ-қа тәуелділігін азайтуға шақырып отыр. Бұған қоса, ол өткен аптада АҚШ-тың сауда және сыртқы саясатын сынға алып, «ережелерге негізделген әлемдік тәртіптің күйреуі» туралы мәлімдеп, басқа мемлекеттерді осы саясатқа қарсы бірігуге үндеген еді.