31 қаңтар кешке Павлодарда Ертіс өзені үстінен салынып жатқан автомобиль көпірінде өрт болды. Өрт сөндірілді, зардап шеккендер жоқ, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Оқиға орнынан түсірілген видео әлеуметтік желілерде тарады. Куәгерлер салынып жатқан құрылымның бір бөлігіндегі жалынды түсіріп алған.
НЕ ЖАНДЫ?
"ҚазАвтоЖол" ұлттық компанияның мәліметінше, өрт сағат 20:10 шамасында Қызылорда — Павлодар — Успенка — РФ шекарасы автожол учаскесіндегі тіректердің бірінде шыққан. №4 тіректе орнатылған жылу сақтайтын шатыр жанған. Өрт шамамен 60 шаршы метр аумақты шарпыды. Сағат 20:50-де өрт толық сөндірілді.
Алдын ала дерек бойынша, төтенше жағдайға сол сәтте жүргізілген арматура қаңқасын дәнекерлеу-монтаж жұмыстары себеп болуы мүмкін.
Төтенше жағдайлар министрлігі өрт ошағы жерден шамамен 30 метр биіктікте болғанын хабарлады. Соған қарамастан, өрт сөндірушілер жағдайды жедел бақылауға алып, жалынның таралуына жол бермеген. Зардап шеккендер жоқ. Оқиғаның нақты себептері анықталып жатыр.
ТАҒЫ БІР ДЕРЕК
"ҚазАвтоЖол" 2026 жылғы 1 ақпан сағат 10:30 шамасында Павлодардағы Ертіс өзені арқылы көпір салу нысанында ("Қызылорда – Павлодар – Успенка – РФ шекарасы" республикалық автожолының 1381 шақырымы, №5 тірек) аралық құрылыстың жылу сақтау жабындысының тентінде түтіндену фактісі тіркелгенін мәлімдеді.
– Аталған учаскеде жұмыстар жүргізілмейді. 2026 жылғы 31 қаңтарда №4 тіректе орын алған ұқсас оқиғадан кейін жұмыстар тоқтатылған. Зардап шеккендер жоқ. Оқиға орнында ТЖД қызметкерлері жұмыс істеуде, өртті оқшаулау және толық жою шаралары қабылдануда. Аталмыш факты бойынша ішкі қызметтік тексеріс жүргізіліп жатыр, – делінген хабарламада.
Павлодардағы жаңа көпір құрылысы 2024 жылдың мамырында басталған. Ол Ертіс арқылы өтетін, 60 жылдан астам уақыт пайдаланылып келе жатқан ескі өткелдің орнына салынып жатыр. Жобаның құны ондаған миллиард теңгеге бағаланады. Жаңа нысан аймақтағы көлік жүктемесін едәуір азайтуға тиіс.