Шымкентте полиция бастығы жазаны "жеңілдету" үшін 6 млн теңге пара алған

Рая Минап
Фото: primeminister.kz

Шымкент қаласының аудандық полиция басқармасының бастығы пара алғаны үшін сотталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ 

Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында пара алу (ҚК-нің 366-бабының 2-бөлігі) дерегі бойынша азамат Т.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды. 
Т. Шымкент қаласы полиция департаментінің Тұран аудандық полиция басқармасының бастығы бола тұра, осы басқарманың өндірісіндегі А. есімді азаматқа қатысты қылмыстық ісі бойынша оның айыптау бабын жеңілдетіп беру үшін өзінің қызмет бабын пайдалана отырып, 6 млн. теңге көлемінде пара алған. 

Сотталушының кінәсі куәлердің жауаптарымен, жасырын тергеу әрекеттерімен, сараптама қорытындыларымен, заттай дәлелдемелермен және басқа да іс бойынша жинақталған дәлелдемелердің жиынтығымен толық дәлелденеді. 

Прокурор сотталушы Т.-ны мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. 
Сотталушы кінәсін мойындамай, сотта жауап беруден бас тартып, өзіне қатысты ақтау үкімін қабылдауды сұрады. 

ҚАНДАЙ ЖАЗА ТАҒАЙЫНДАЛДЫ

Сот сотталушының қылмыстық жауапкершілігін жеңілдететін мән-жайларды анықтамады, өзінің кәсіби антын бұза отырып қылмыс жасағанын қылмыстық жауапкершілігін ауырлататын мән-жай ретінде ескерді. 

Сот Т.-ны ҚК-нің 366-бабының 2-бөлігімен кінәлі деп танып, оған 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. ҚК-нің 49-бабына сәйкес, Т. арнайы шенінен айырылды. 
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.