2025 жылы Қазақстанның барлық қалаларында пәтер бағасы қымбаттап, орташа баға 8% өсті, деп хабарлайды Ulysmedia.
2025 ЖЫЛЫ ТҰРҒЫН ҮЙ БАҒАСЫ ӨҢІРЛЕРДЕ ҚАНША ӨСТІ
Еліміз бойынша жылдық өсімі ең жоғары болған бес қала – Қостанай 14,5%, Ақтау 12,8, Астана 11,6%, Шымкент 10,8%, Қарағанды 0,4%.
Сарапшылардың пікірінше, 2025 жылы екінші нарықтағы бағаның өсуі қызу сұраныстан емес, инфляция, салықтық өзгерістер және сатушылардың жоғары күтілімдеріне байланысты болды. Баға ірі қалаларда ғана өсті. Өсімнің шарықтау шегі қыркүйек–желтоқсан айларына сәйкес келді.
Алматы баға өсімі бойынша көшбасшылар қатарына кірмегенімен (8%), елдегі ең қымбат мегаполис болып қала береді.
Қалған қалалардағы жылдық баға өсімі Павлодар, Семей, Өскемен, Ақтөбе, Талдықорған, Қызылорда 7–10%, Петропавл, Тараз, Көкшетау, Орал, Атырау 4–6% болды.
БАҒА ӨСІМІНЕ НЕ ӘСЕР ЕТЕДІ
Экономис Мақсат Халықтың айтуынша, тұрғын үй нарығында бағаның өсуіне бірнеше фактор әсер етеді.
- Бізде құрылыс нарығында монополия бар. Құрылыс компаниялары арасында бәсекелестік төмен. Сондықтан да, үй бағасының шарықтау себебі осыдан. Екіншіден, бюрократиялық кедергілер бар. Құрылыс компанияларының өздері де айтады, біз қарапайым ғана жер алып, жердің мақсатты пайдаланылуын өзгертейік десек, біраз шығындаламыз, біраз есіктерді тоқтылдатуға тура келеді дейді. Одан бөлек үйді котлаваннан бастап пайдалануға беру мерзімін ұзартып аламыз, себебі өте көп кедергі бар дейді. Бұның бәрі – уақыттың ұзартылуы, кедергілердің болуы баға өсіміне алып келеді. Соңғы уақыттағы өсімдердің бір себебі осы дер едім. Одан кейін локализация мәселесі алдан шығады. Қанша дегенмен де, құрылыс материалдарының 70%-ы отандық болуы тиіс, алайда басым бөлігі сырттан импортталады. Бұл да сырттан келетін инфляцияға ұласып, тиісінше қымбатшылықтың тағы бір себеп-салдары осы жерден шығады. Және де ірі қалалар Алматы ме Астанаға қоныс аударушылар көп, бұл да баға өсіміне әсер етеді. Яғни, сұраныс жоғары болған жерде баға да ойнайды», - дейді сарапшы.
Мақсат Халықтың айтуынша, тұрғын үй нарығы соңғы жылдары экономикалық өсімге үлкен үлес қосып, жыл сайын салынып жатқан шаршы метрлердің көлемі рекордтық көрсеткішке дейін жеткен. Алдыңғы жылдары 15 млн шаршы метр үй салынса, қазір 17 миллион шаршы метрден асты деген деректер бар. Міне осы тұрғыдан келгенде, құрылыс нарығы қарқынды жүріп жатыр. Бағаның өсуі де өте жоғары. Өткен жылы бірінші нарықтағы баға 15%-дан жоғары болса, екінші нарықтағы тұрғын үйдің бағасы 14% деңгейінде өсім көрсеткен.Жалға берудің үлесі де 12%-дан жоғары өсім көрсетті. Бұның бәрі нарықта бағалық өсімнің де, құрылыс қарқынының да жоғары болып жатқанын көрсетеді.
- Өткен жылы базалық мөлшерлеме рекордтық көрсеткіш 18% дейін көтерілді. Бұл көптеген екінші деңгейлі банктерде ипотекалық несиенің көлемін азайтты. Екінші деңгейлі банкердің көбі келесі күні несие беруді тоқтатты. Осыдан кейін Президент Үкіметке қосымша ипотекалық бағдарламаларды көбейтуді тапсырды. Бюджеттен қосымша қаржыландыруды ұсынды. Осы мәлімдемеден кейін құрылыс нарығы сабасына түсті. Өйткені, базалық мөлшерлеме жоғарылағанда, банктер несие беруді тоқтатамыз дегенде құрылыс нарығындағы ойыншылар уайымдап қалған еді. Осыдан кейін қайтадан бағаның өсімі жалғасты. Демек, сценарий кішкене өзгерді, екінші деңгейлі банктерде ипотекалық несиелер азайды, Отбасы банктің ипотекалық бағдарламалары кеңейіп жатыр.Бұл нарық заңдарына қарсы орындалып жатқан дүниелер. Негізі ақша-несие саясаты бірқалыпты жүру керек. Пайыздық мөлшерлеме жоғарылағанда несие беруді тіпті тоқтау керек. Қазіргі уақытта инфляциямен күресу үшін базалық мөлшерлемені көтеріп жатса, Үкімет қосымша қаржыландыру, жеңілдетілген несиелер, субсидиялар арқылы экономикаға артық ақша құйып жатыр.Бұл одан ары инфляцияны үдетеді. Сондықтан, ақша-несие саясаты мен бюджет саясаты арасында қарама-қайшылық бар. Негізінде базалық мөлшерлеме төмендеуі керек, ол үшін инфляция төмендеуі керек.Инфляциямен Ұлттық банк қана күреспеуі керек. Үкімет те инфляцияны ауыздықтауға атсалысу керек. Сол кезде ғана белгілі бір дәрежеде нарықтың заңдары орындалады. Егер біз 5-6%-дық инфляцияға қол жеткізсек, базалық мөлшерлемені 7%-ға дейін төмендетуге болады. Одан кейін 9-10% деңгейіндегі ипотекалық несиелер халыққа қолжетімді болады. Бұл дұрыс ақша несие-саясатының нәтижесі. Солай жүру керек», - дейді сарапшы.
2026 ЖЫЛЫ ТҰРЫН ҮЙ НАРЫҒЫНДА БАҒА ҚАЛАЙ ӨЗГЕРЕДІ
Жаңа жылдан бастап жаңа Салық кодексі күшіне енді. Оның аясында қосылған құн салығы 12%-дан 16%-ға дейін көтерілді.
Экономист Мақсат Халықтың пікірінше, қосылған құн салығының өсуі де баға өсіміне тікелей әсер етіп жатыр. Қосылған құн салығы өседі деген хабар күшіне енбей жатып, тұрғын үй нарығында баға өсе бастады. Ірі компаниялар, әсіресе нарықта біраз жүрген компаниялар бағаны өсірді. Көптеген компаниялар 4%-дық өсімді көре тұра, бағаны артығымен өсірді. Көбі бағаны 10%-ға көтерді. Неге? Себебі нарықты ұстап көру керек, тұтынушылары әлі де болса төлеуге дайын екенін тексеріп көру керек болды. Былайша айтқанша, осындай кезеңдерден өтті. Бұл белгілі бір деңгейде инфляцияның өсуіне алып келді.
– Биыл тұрғын үй нарығында баға өсімі жалғасады. Өйткені, көптеген шағын компаниялар әлі салықтың қанша өскенін түсінген жоқ. Салық органдарынан осынша салық төлейсіз деген хабарлама келгенде олар да түсінеді. Демек, мынаның бәрін төлегенше онда банкрот боламын немесе қызмет пен тауарларымның бағасын өсіремін деген тоқтамға келеді. Демек, қосылған құн салығы бағаның өсуіне едәуір үлес қосты. Құрылыс компаниялары қаңтарда пәтерлерге сұраныс төмендегенін сезе бастады.Қазір олар бөліп төлеу ұсынысымен нарыққа шыға бастады. Амал жоқ, көп үй салынған, оны өткізу үшін осындай қадамға барып жатыр. Жылдың басында баға шарықтамайды, бұл маусымдық кезең, қаңтар-ақпанда тыныш болады, сату-сатып алу мәлімелері бәсеңдеу борлады. Наурыздан бастап баға өсімі жалғасады деген сөз», - дейді сарапшы.
ҮКІМЕТ НЕ ДЕЙДІ
Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин Қосылған құн салығы (ҚҚС) тек 2027–2028 жылдары сатылатын пәтерлер бағасына әсер ететінін мәлімдеген еді.
- ҚҚС 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап құрылысқа кірісетіндерге ғана қолданылады. Сондықтан ҚҚС тек 2027–2028 жылдары сатылатын пәтерлерге қатысты болады. Яғни, кем дегенде алдағы бір жарым жылда ҚҚС мөлшерлемесі тұрғын үй бағасының өсуіне себеп болмайды», - деген еді Әмрин Үкіметтегі брифингте.
Вице-министрдің айтуынша, бұған дейін ҚҚС-тың болмауы жылжымайтын мүлік бағасының өсуін тоқтата алмаған.
- Бізде 2001 жылдан бері жылжымайтын мүлікке ҚҚС қолданылмайды, бірақ баға бәрібір өсіп келеді. Бұл нарық заңы», – деді Әмрин.
ТҮЙІН
Тұрғын үй нарығында бағаның қалай құбылатынын алдағы уақыт көрсетеді. Әзірше халық әліптің артын бағып отыр.