Журналист Мұхтар Сеңгірбай саяси құбылыс пен әлеуметтік мәселе арасындағы байланыс жайлы жазды. Ол New York Times-тан ерекше подкаст тыңдағанын айтады. Онда зерттеушілер автократия мен тұрмыстық зорлық-зомбылықтың (абьюздің) арасындағы ұқсастықтарды тізіп шығады.
«Бұған дейін бұл саяси құбылыс пен әлеуметтік мәселе арасында байланыс бар деп ойламаппын. Таңғаларлық ұқсастық бар екен. Әңгімелескен мамандардың бірі Азияда отбасындағы абьюзді зерттеген, екіншісі – авторитаризм туралы жазатын журналист. Сонда автократиялық қоғамдағы азаматтардың бәрі болмаса да біраз бөлігі үйінде күйеуінен таяқ жеп, көкала қойдай болса да, ешкімге ештеңесін айта алмай, іштен тынып, бәрін жасырып жүретін әйелдің күйін кешеді екен-ау деген ой келді, - деп жазды ол.
Маша Гессен мен Рейчел Снайдердің ойынша автократ та, абьюзер де әйелін (азаматтарын) бағынышты етіп ұстау үшін бірдей психологиялық әдістерді қолданады екен:
1. Үнемі қыл үстінде жүргендей өзгермелі сезім (Living on eggshells): Абьюзер ертең не істейтіні белгісіз, ережелерді үнемі өзгертіп отырады. Бүгін мақтаған нәрсесі үшін ертең сабауы мүмкін. Автократия да дәл солай — заңдар мен ойын ережелері ешқашан нақты емес. Азаматтар үнемі үрей мен белгісіздікте өмір сүреді, үнемі биліктің қабағын бағып, өз-өзіне цензура қояды.
2. «Мен болмасам сенің күнің қараң» және газлайтиң: Зорлықшы еркек әйеліне «сені менен басқа ешкім түсінбейді, мен болмасам аштан өлесің» деп сендіреді. Автократтар да халыққа: «Біз болмасақ, елді жау шабады, тұрақсыздық болады, Сирия мен Украинаның күнін кешесіңдер» деген қорқынышты санасына сіңіреді. Бұдан қоғам өз-өзіне сенімсіз, жалтақ болып қалады да, «осыған да шүкір» деп жүре береді.
3. «Өзің кінәлісің»: «Тамақты уақытында пісірсең, мен сені ұрмас едім» дейді абьюзер. Ал автократиялық жүйеде: «Митингіге шықпасаңдар, полиция сендерді ұстамас еді», «Арандатушыларға ермесеңдер елде тыныштық болар еді» дейді. Яғни кінәні жапа шеккендердің өзіне аударады.
4. Айналаңмен қосып кепілге алу (Collective hostage taking): Тұрмыстық зорлықта әйел өз қамын ойласа да, «балаларыма зияны тиеді» деп кете алмайды. Автократиялық жүйеде де солай: белсенді болсаң, тек саған емес, туыстарыңа, жұмысыңа, жақындарыңа зияның тиеді. Жүйе еркін ойлайтын адамдарды айналасымен қосып кепілге алады.