Астанадағы Қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотта алаяқтық дерегі бойынша қозғалған іс қаралып жатыр. Іс сотталған Қуандық Бишімбаевтың анасы Алмира Нұрлыбекованың арызы негізінде қозғалған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Алмира Нұрлыбекова туысы Бекзат Кемелованы өзіне тиесілі 990 мың долларды иемденді деп айыптап отыр.
Сотта не шешілді?
Бүгін, 3 ақпанда, сотта қосымша куәгерлерден жауап алу жалғасуы керек болған. Куәгерлер қатарында Қуандық Бишімбаевтың бұрынғы әйелі Назым Қахарман да бар.
Істі қарап жатқан судья Назгүл Бапақова сот отырысында бұқаралық ақпарат құралдарына куәгерлердің жауаптарын жариялауға тыйым салатынын мәлімдеді. Тыйым куәгерлердің айтқан сөздерін кез келген түрде таратуға қатысты.
- Қоғам істі дұрыс әрі бұрмаланбай қабылдауы үшін, сондай-ақ куәгерлердің жауаптарының мағынасы өзгеріп кетпеуі мақсатында сот фото, видео және аудиожазба жүргізуге, сондай-ақ куәгерлердің жауаптарының мазмұнын жариялауға шектеу қояды. Бұл шешім ақпаратты жасыру үшін емес, тек әділ сот мүддесі үшін қабылданды, – деп түсіндірді судья.
Іс қандай баппен қаралып жатыр?
Аталған іс Қылмыстық кодекстің 190-бабы — аса ірі көлемдегі алаяқтық бойынша қаралуда. Бұған дейін Ulysmedia.kz сот отырыстарында тараптар не айтқанын жазған болатын.