Мәжіліс депутаты Наурыз Сайлаубай Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға 10,11-сынып оқушыларының оқу бағдарламасына жол қауіпсіздігі ережелері курсын енгізу туралы деепутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Депутаттың айтуынша, өкінішке қарай, соңғы жылдары елімізде жол-көлік оқиғаларының жиілеп кеткені барша жұртты алаңдатып отыр. Соның салдарынан бүтіндей бір отбасының қара жамылып қалған жағдайларынада куә болып жүрміз.
Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің дерегіне сүйенсек, 2025 жылы елімізде 36 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы тіркелген. Аталған оқиғалардың кесірінен 2,3 мың нан астам азамат қаза тапса, 49,2 мыңы жарақат алған. Салдарынан жүзден астам адам мүгедектер арбасына таңылып қалды. Олардың көпшілігі бүгінгі күні өздігінен өмір сүру қабілетінен айырылып, өзгенің көмегіне мұқтаж күйде қалып отыр. Бұл қатарда ел болашағы саналатын балалар мен жастардың да бар екені бізді ерекше алаңдатады.
- Қазіргі уақытта қоғам талқысына ұсынылып отырған Конституцияның жаңа жобасының 1-бабының 1-тармағында «Адам ең жоғары құндылық»,- деп нақты көрсетілген. Ендеше ең басты құндылық саналатын азаматтардың өмірін қорғау, әсіресе жол үстінде төнетін қауіптің алдын алу мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі болуы тиіс. Осы тұрғыда ең алдымен балаларға жол қозғалысы ережелерін міндетті түрде меңгертіп, оларға «аман қалуды» емес, саналы әрі қауіпсіз мінез-құлықты қалыптастыруымыз қажет. Жолдағы қауіп пен өлім-жітім — тұрмыстық деңгейдегі мәселе емес. Бұл — халықаралық тәжірибеге, ғылыми тәсілдерге және азаматтардың өз өмірі мен өзгенің өміріне жауапкершілікпен қарауын қалыптастыратын жүйелі мемлекеттік саясатты талап ететін күрделі проблема, - деді депутат.
Осы орайда Наурыз Сайлаубай Үкіметке бірқатар ұсыныстар жасады.
- Қазақстан Республикасының жалпы білім беретін орта мектептерінде оқушылар үшін «Авто ісі және жол қозғалысы қауіпсіздігі» атты факультативтік курсты жаппай енгізу; Түрлі цифрлық қосымшалар арқылы қалааралық такси қызметін көрсететін тұлғаларды анықтап, оларға тасымалдаушы лицензиясын беру, жүргізушілердің міндетті медициналық тексеруден өтуін қамтамасыз ету қажет. Сонымен бірге, еңбек және демалыс режимін сақтауды бақылау, қажет болса жолаушыларды да тиісті деңгейде сақтандыруды цифрлық агрегаторлар арқылы жүзеге асыру; Жүргізуші куәлігін беру мақсатында қызмет көрсететін білім беру орталықтарының жұмысын күшейтілген тәртіпте қадағалап, олардың жол қозғалысы ережелерін оқыту барысында қоғамдық өмір үшін аса маңызды жауапты мінез-құлық мәдениетін қалыптастыруына басымдық беру керек. Біздің мақсатымыз қағаз жүзіндегі есептер емес, адам өмірін нақты сақтау, - дейді депутат.
БАПИ
Еске салайық, бұған дейін депутат Ермұрат Бапи жаңа Конституция жобасындағы тіл мәртебесіне қатысты пікірлерге ойын білдірген еді.