Алматыдағы Kaisar Plaza сауда-кеңсе орталығы аукцион арқылы сатылымға шығарылады. Бұған дейін нысан кәсіпкер Қайрат Сатыбалдының бизнес активтері қатарында болған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Сауда-саттық 7 сәуір күні сағат 10:00-де басталады. Аукционға қатысуға өтінімдер сол күні 09:55-ке дейін қабылданады. Нысанның бастапқы бағасы 61,5 млрд теңгеден асады, ал кепілдік жарна 9,23 млрд теңге болып белгіленген. Баға қосылған құн салығын есепке алмай көрсетілген.
Сатылымға қойылған нысан — жалпы аумағы 63 920 шаршы метр болатын, 9 қабатты Kaisar Plaza сауда-кеңсе орталығы. Жер учаскесі 2030 жылдың 16 тамызына дейін уақытша ақылы қысқа мерзімді жалға алу құқығымен рәсімделген. Қазіргі уақытта ғимарат серіктестіктің еншілес ұйымы арқылы сенімгерлік басқаруда тұр, мұнда 53 жалға алушы бар, олардың жалдау мерзімдері әртүрлі.
Құжаттарда ғимараттың жалпы алаңына қатысты айырмашылық бар. Тіркелген құқықтар туралы анықтамада нысанның аумағы 63 920 шаршы метр деп көрсетілсе, техникалық паспорттың көшірмесінде 56 480 шаршы метр деп жазылған. Айырмашылық 7 440 шаршы метр. Техникалық тексеріс қорытындысына сәйкес, оның 2 297 шаршы метрі панорамалық қабат ретінде көрсетілгенімен, іс жүзінде шатыр болып саналады және жалпы алаңға енгізілмеген. Қалған бөлігі қайта өлшеу мен есептеу нәтижесінде қысқарған.
2025 жылғы 22 желтоқсандағы бағалау есебіне сәйкес, Kaisar Plaza-ның нарықтық құны 47,3 млрд теңге деп белгіленген. Алайда аукционға қойылған бастапқы баға бағалау құнынан едәуір жоғары.