Мәдениет және ақпарат министрі, премьер-министрдің орынбасары Аида Балаева жаңа Конституция жобасын талқылау аясында қоғамда жалған ақпарат тарату және арандатушылық әрекеттер күшейгенін мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Оның айтуынша, ел қазір алдағы даму бағыты айқындалатын тарихи кезеңді бастан өткеріп отыр, ал жаңа Конституция жобасын талқылау қоғамдық-саяси өмірдегі аса маңызды оқиғаға айналған.
- Біз бүгінде еліміздің алдағы даму бағыты айқындалатын тарихи кезеңде өмір сүріп жатырмыз. Жаңа Конституция жобасын талқылау – мемлекетіміздің қоғамдық-саяси өміріндегі аса маңызды оқиғаға айналды, – деп жазды Аида Балаева.
Вице-премьер кейбір әлеуметтік желі қолданушылары осы жағдайды теріс мақсатта пайдаланып отырғанын атап өтті. Оның сөзінше, елдегі қоғамдық-саяси ахуалды тұрақсыздандыруға бағытталған әрекеттер тіркеліп отыр.
Аида Балаева арандатушылар негізсіз ақпарат таратып, жалған парақшалар мен аккаунттар ашып жатқанын айтты.
- Арандатушылар негізсіз ақпарат таратып, жалған парақшалар мен аккаунттар ашқан (мысалы, Мұхтар Шахановтың, Шавкат Рахмоновтың және өзге де тұлғалардың атынан ашылған фейк-аккаунттар арқылы тіл, жерді сату секілді мәселелер бойынша арандатушылық ақпарат пен үндеулер жариялануда), – деп жазды министр.
Сонымен қатар, елде ірі митингілер мен жаппай наразылық акциялары өтіп жатыр деген жалған хабарлар таратылып, Конституцияның жекелеген баптарын әдейі бұрмалап түсіндіру фактілері де кездесетіні айтылды.
- Сондай-ақ, елде ірі митингілер мен жаппай наразылық акциялары өтіп жатыр деген жалған хабарлар таратылып, Конституцияның жекелеген баптарын әдейі бұрмалап түсіндіру фактілері де кездесуде, – деді Балаева.
Вице-премьердің мәліметінше, бұқаралық ақпарат құралдары мен танымал парақшаларға техникалық шабуылдар жасалып жатқаны туралы да ақпараттар келіп түсуде. Қазіргі уақытта уәкілетті орган ретінде бұл жағдай жан-жақты зерделеніп, тиісті шаралар қабылданып жатыр.
Сөз соңында Аида Балаева азаматтарды тек ресми ақпарат көздеріне сенуге және жалған мәлімет таратпауға шақырды.
- Осыған байланысты тек ресми ақпарат көздеріне ғана сенуге және жалған мәліметтерді таратпауға шақырамын. Жалған ақпарат тарату қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады, – деп ескертті вице-премьер.