Украинадағы соғысқа қатысқан ресейлік офицер Қазақстаннан саяси баспана сұрады

Сырым Қаржас
Видео кадры

Бұған дейін Ресейдің федералды телеарналарында «арнайы операция қаһарманы» ретінде көрсетілген ресейлік офицер Евгений Коробов Қазақстаннан саяси баспана алуға тырысып жүр. Оған бұл істе құқық қорғаушылар көмектесіп жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Коробов 2022 жылы Ресейдің Украинаға басып кіруі кезінде соғыс қимылдарына қатысқан. Атап айтқанда, Киев облысындағы ұрыстарға барған. Бұл туралы Настоящее время жазды.

Оның айтуынша, соғыстың мәнсіз екенін түсінгеннен кейін ол өз аяғына өзі оқ атып, дезертирлікке барып, Қазақстанға қашып келген. Қазір ол саяси баспана алуға өтініш беріп отыр.

Коробов Украинадағы соғысқа қатысты көзқарасын жасырмайды.

- Мен бұл соғыста соғысқым келмейді. Отанды қорғау керек пе? Иә, егер өз жеріңде қорғап жатсаң — онда еш айып жоқ. Егер Ресейге біреу шабуыл жасаса, қорғау түсінікті болар еді. Бірақ ондай жағдай болған жоқ, — дейді ол.

2023 жылдың қаңтарында Коробов Астанада баспана сұраған. Алайда 2025 жылдың қыркүйегінде қазақстандық шенеуніктер оған баспана беруден бас тартқан. Ресми себеп — Ресейде қудалауға ұшырайтынына жеткілікті негіздің болмауы.

Қазір құқық қорғаушылар бұл шешімді сотта қайта қарауға күш салып жатыр. Олар Коробовтың дезертирлігі қорқақтық емес, саяси ұстаныммен тікелей байланысты деп есептейді.

Қазақстан халықаралық адам құқықтары бюросының заңгері Артур Алхастов бұл іске қатысты нақты дәлелдер бар екенін айтады.

- Бізде оның дезертирлігі қорқақтық немесе басқа да жеке себептер емес, саяси мотив екенін дәлелдейтін нақты, екіұшты емес айғақтар бар. Коробов биліктің саясатын қолдамайды, бұл соғысты қылмыс деп санайды және оған қатысуды мүмкін емес деп есептейді, — дейді ол.