Ресейдің Украина энергетикасына жасаған кезекті соққылары атом электр станцияларының жұмысына тағы да салқынын тигізді. Бұл туралы "Укрэнерго" ұлттық операторы мен Украина президенті Владимир Зеленский мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Ресми дерекке сүйенсек, түнгі уақыттағы шабуылдар салдарынан атом станцияларын электрмен қамтамасыз ететін жүйелер зақымданған. Соның салдарынан Ресей бақылауындағы Запорожье АЭС-інен өзге барлық станция жүктемені төмендетуге мәжбүр болған. Энергожүйедегі қуат тапшылығы күрт ұлғайып, ел бойынша уақытша жарық өшіру жиілеген. Украина шұғыл энергетикалық қолдау сұрап, Польшаға жүгінген.
Кешкі үндеуінде Владимир Зеленский соққылар дәл атом станцияларының тұрақты жұмысына тәуелді нысандарға бағытталғанын айтты. Оның сөзінше, электрмен жабдықтаудағы ақауларға байланысты энергоблоктардың бірі автоматты түрде ажыратылған. Президент мұндай әрекеттердің салдары Украина шегінен асып, Еуропа үшін де қауіп төндіретінін атап өтті. Сондай-ақ ол Ресейдің келіссөзге дайын екені сөз жүзінде емес, нақты қадамдар арқылы көрінуі керектігін мәлімдеді.
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚЫЛМЫСТЫҚ СОТ МЕН МАГАТЭ РЕАКЦИЯСЫ
Жағдайға Халықаралық атом энергиясы агенттігі (МАГАТЭ) де назар аударды. Агенттік басшысы Рафаэль Гросси Украинадағы атом электр станцияларында электр өндіру көлемі төмендегенін растады. МАГАТЭ мәліметінше, бұған ұрыс қимылдарының қайта күшеюінен кейін қосалқы станциялар мен электр беру желілерінің зақымдануы себеп болған. Ұйым өкілдері тараптарды барынша сабыр сақтауға үндеп, энергожүйедегі ахуалдың ушығуы ядролық қауіпсіздікке тікелей қатер төндіретінін ескертті.
Осы жағдай аясында Литва Ресейдің Украина энергетикалық нысандарына жасаған соққыларын тергеуді сұрап, Халықаралық қылмыстық сотқа жүгінді. Вильнюс мұндай жаппай шабуылдар, әсіресе қыс мезгілінде, бейбіт тұрғындарды жарықсыз, жылусыз әрі сусыз қалдыруға бағытталған деп есептейді. Халықаралық қылмыстық сот өтініштің қабылданғанын растады және материалдардың тергеу тобына жолданғанын хабарлады.