Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің алдында уақыт оздырмай шешетін бірқатар міндетке тоқталды, деп хабарлайды Ulysmedia.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Президент тұрақты әрі қалыпты инфляция көрсеткішін және мемлекет қаржысының теңгерімділігін қамтамасыз ету, сондай-ақ былтырғы Жолдауымда жарияланған жаңа инвестициялық кезеңді толығымен жүзеге асыруға тоқталды.
- Жаппай цифрландыру және жасанды интеллектіні енгізу көмекші қызмет атқарумен шектелмей, экономикалық дамудың басты арқауы болуы керек. ЖИ негізінде цифрландырудың бірқатар басты міндеттерін орындау қажет. Бұл – еңбек өнімділігін арттыру, экономиканың экспортқа бағдарланған секторларын қалыптастыру, қосылған құны жоғары өнім шығару және Қазақстанды жаһандық цифрлық экономика тізбегіне кіріктіру. Жаңа инвестициялық кезеңді іске асыру еліміздің индустрия, энергетика, көлік салаларындағы заманауи жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Жасанды интеллектіні дамыту, бұл – ұран емес, бұл экономикалық идеологияның негізгі тірегі, тіпті ұлттық идеологиямыздың мызғымас тұғыры болуға тиіс. Осындай жауапты сәтте дұрыс, батыл әрі тиімді шешімдерді дер кезінде қабылдау өте маңызды. Шынайы өмірге түк қатысы жоқ «құрғақ» ұсыныстар беру, қысқасы, нәтижесі жоқ іспен айналысу мүлдем болмауы қажет. Бүкіл мемлекеттік аппарат нақты нәтижеге жету үшін жұмыс істеуі керек және оның игілігін бүкіл қоғам көруге тиіс, – деді Президент.
Тоқаевтың айтуынша, инфляцияны ойға қонымды, қалыпты деңгейге түсіру қажет.
– Оның шарықтап кетуіне жол бермеу керек. Инфляцияның не себепті жоғары болып тұрғаны белгілі, кеселдің себебі анықталды. Енді осы мәселені шешу керек. Бірақ ұсынылатын шаралар елдің дамуына кері әсерін тигізбеуі қажет. Дәл осы тұста түрлі пікір айтылып жатыр. Үкімет пен Ұлттық банкке бірлесіп нақты іс-қимыл алгоритмін әзірлеуді тапсырамын. Осы маңызды жұмысқа барлық мекеме өкілдері мен сарапшылар қатысуға тиіс. Тағы да қайталап айтамын: қолайсыз ахуалды шұғыл ретке келтіру қажет. Биылдан бастап үш жыл қатарынан инфляцияны төмендету үшін нақты шаралар қабылдау керек. Бірлескен іс-қимыл бағдарламасын сапалы орындау айрықша маңызды. Мәселені шешудің орнына бос сөзді көбейтіп, қажетсіз «жол карталарын» әзірлеу – жауапкершіліктен қашу деген сөз. Алдын ала ескерту: ондай жағдайда қатаң шара қолданылады. Халықтың табысы артса ғана, нақты нәтижеге қол жеткіздік деп санауға болады, – деді Президент.