Қазақстанның Бас прокуратурасы ресейлік белсенді Юлия Емельянованы Ресейге экстрадициялауға келісім берген. Бұл туралы «Антивоенный комитет» хабарлады, деп жазады Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Ұйымның мәліметінше, тиісті қаулы Емельяноваға 29 қаңтарда табысталған. Алайда құқық қорғаушылар мен адвокаттар бұл туралы тек тергеу изоляторына барғаннан кейін ғана білген.
Белсендінің қорғаушылары бұл шешімге шағым түсірмек. Себебі Қазақстан билігі оның саяси баспана беру туралы өтінішін әлі қарастырып жатыр.
КОНТЕКСТ
Юлия Емельяноваға өткен жылдың қыркүйегінде Қазақстанда саяси баспана іздеуші куәлігі берілген. Ол 31 тамызда Алматы әуежайында транзиттік рейс кезінде ұсталған. Ұстауға Ресей бастамашы болған мемлекетаралық іздеу жариялануы негіз болған.
Ресейлік құқық қорғау органдары Емельянованы телефон ұрлады деп айыптап отыр. Ал өзі және құқық қорғаушылар бұл істі қолдан жасалған деп санайды. Олардың пікірінше, белсендіні саяси қызметі үшін қудалап отыр. Емельянова 2022 жылға дейін Ресейде Алексей Навальный штабтарында белсенді болған.