Сот президенттің экс-кеңесшісі Олжас Құдайбергеновтің отбасылық дауына нүкте қойды

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Кассациялық сот Олжас Құдайбергеновтің бұрынғы қайын атасына қатысты үкімді өзгеріссіз қалдырды. Ол аса ірі көлемде бопсалау жасағаны үшін 7 жылға бас бостандығынан айырылған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Оқиға қалай өрбіді

2022 жылдың наурызында Құдайбергеновтің жұбайы Мөлдір Қабылова «Болашақ» бағдарламасымен Ирландияда білім алып жүрген. Отбасылық жанжалдан кейін ол балаларды ұрлау дерегі бойынша полицияға жүгінген. 10 наурызда Құдайбергенов Дублин әуежайында ұсталған. Ирландия заңнамасы бойынша мұндай айып ауыр жауапкершілікке әкелуі мүмкін екені белгілі болған.

Сот материалдарына сәйкес, бірнеше күннен кейін Құдайбергеновке қайын атасы қоңырау шалып, қызы мен немерелеріне Дублинде баспана жалдау үшін шамамен 20 млн теңге беруін талап еткен. Тергеу нұсқасы бойынша, талап қоқан-лоқымен қатар жүрген.

Іс құжаттарында «ол тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы арыз жазатынын, жеке өмірі мен мансабына қатысты мәліметтерді жариялап, баспасөз мәслихатын өткізетінін айтып қорқытқан» деп көрсетілген. Беделіне нұқсан келуі мүмкін деп қауіптенген Құдайбергенов талаппен келіскен.

Кейін оның танысы Қабылованың әкесіне 6700 доллар берген. Осыдан соң Ирландиядағы арыз кері қайтарылып, Құдайбергенов Қазақстанға оралған. 4 сәуірде ол ақшаның екінші бөлігін берген сәтте қайын атасы ұсталған.

Соттардың шешімі

Қорғау тарапы ақша қызы мен немерелерінің қажеттілігі үшін сұралғанын, қылмыс құрамы жоқ екенін алға тартты. Ал айыптау тарабы ақша бопсалау арқылы талап етілгенін мәлімдеді. Әңгімелердің аудиожазбалары қорқыту болғанын растаған. Сондай-ақ алынған қаржының бір бөлігі айыпталушының өз қажетіне жұмсалғаны анықталған.

Кассациялық сот айыпталушының ақша талап етуге заңды негізі болмағанын және оның алдында ешқандай қаржылық міндеттеме болмағанын атап өтті. Осылайша әрекеті өз бетінше билік ету емес, бопсалау деп танылды. Нәтижесінде 7 жылдық жаза күшінде қалды.

Контекст

Олжас Құдайбергенов пен Мөлдір Қабылова шамамен он жыл бұрын отау құрған. Құдайбергенов әр жылдары президенттің штаттан тыс кеңесшісі болып, «Қазақстан халқына» қорының қамқоршылық кеңесіне кірген. Төрт баласы бар. 

Мөлдір Қабылова бұған дейін өзін толық қаржылық тәуелділікте болғанын, қысым мен бақылауға ұшырағанын айтқан. Оның сөзінше, ажырасу туралы шешімнен кейін туыстарының қылмыстық қудалауымен бетпе-бет келген. Сондай-ақ шетелде балаларымен қаражатсыз қалып, «Болашақ» стипендиясынан, тұрғын үй мен әлеуметтік төлемдерден айырылғанын мәлімдеген.