Германияда қаза тапқан судьяның ісімен Ресей айналысуы мүмкін

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Қазақстан Бас прокурорының орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев Айгүл Сайлыбаеваның өліміне қатысты тергеу барысы жөнінде мәлімет берді. Марқұмның туыстары оны азаптап өлтірді деп күйеуі мен енесін айыптап отыр. Екеуі де Ресей азаматтары, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТЕРГЕУ БАРЫСЫ

Ғалымжан Қойгелдиевтің айтуынша, Қазақстан Ішкі істер министрлігі Наталья және Александр Донцовтарға қатысты Айгүл Сайлыбаеваны азаптау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғаған.

- Ресей Федерациясына екі тұлғаның азаматтығын анықтау үшін халықаралық тергеу тапсырмасы жолданды. Өздеріңіз білесіздер, Ресей де, Қазақстан да өз азаматтарын экстрадицияламайды. Азаматтығы нақты анықталғаннан кейін қылмыстық іс Ресей жағына беріліп, тергеуді сол ел жүргізеді және кінәлілер жауапқа тартылады, – деді Қойгелдиев.

Ол тергеудің нақты қашан аяқталатынын айта алмады. Алайда Ресей Тергеу комитетінің басшысы Александр Бастрыкин бұл істі жеке бақылауына алғанын еске салды.

Сонымен қатар, бас прокурордың орынбасары Александр Донцов пен оның анасы Наталья Донцова Ресейден кете алмайтынын мәлімдеді. Оның сөзінше, екеуі де тергеу аясында бақылауда отыр.

КОНТЕКСТ

Айгүл Сайлыбаева 40 жаста еді. Ол Ұлыбританияда білім алып, Астанада судья қызметін атқарған. Соңғы жылдары отбасымен Германияда тұрған. 4 маусым күні таңертең екі жасар қызын балабақшаға апарып, сол күйі хабарсыз кеткен. 12 күннен кейін оның мәйіті табылды. Қазіргі уақытта бала әкесімен бірге тұрып жатыр.

Жақында Айгүл Сайлыбаеваның анасы Шолпан Батқалова Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев көмек сұрап, күдіктілерді елге экстрадициялау ісіне араласуын сұрады. Ресейдің Тергеу комитеті Германияда қаза тапқан Қазақстанның бұрынғы судьясы Айгүл Сайлыбаеваның ата-анасының өтінішіне жауап беріп, тексеру жұмыстары басталғанын хабарлады