Алматыда оппозициялық саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлын еске алды

Есдәулет Қызырбекұлы
Ulysmedia.kz

Алматыда оппозициялық саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлының еске алу шарасы өтті. Қаралы жиынды оның отбасы ұйымдастырды. Шараға саясаткердің әріптестері, қоғам қайраткерлері, достары мен белсенділер қатысты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Бүгін Алтынбек Сәрсенбайұлының қастандықпен өлтірілгеніне 20 жыл болды. 2006 жылы 11 ақпанда хабарсыз кеткен Алтынбек Сәрсенбайұлы екі күннен кейін көмекшісі Бауыржан Байбосын мен көлік жүргізушісі Василий Журавлевпен бірге Алматы іргесіндегі таудан табылды. Үшеуінің де атып өлтірілгені анықталды. Содан бері бұл өлімнің төңірегінде жауапсыз сұрақтар өте көп. 

Бүгінгі еске алу шарасында да сол сұрақтарға қатысты пікірлер айтылды. Туыстары мен әріптестері саясаткердің өліміне сол уақытта президент болған Нұрсұлтан Назарбаевты айыптай сөйледі. 

Алтынбек Сәрсенбайұлының ағасы Рысбек Сәрсенбайұлы істі қайта қарауды талап етіп, президентке, бас прокурорға және жоғары сотқа арыз жазғанын айтты. 

- Сол іс қайта қозғалуы тиіс. Соны көп болып, қауым болып, міндеттеп, мына қылмысты аштыруға, басты тапсырыс берушілерден бастап, соңғы тапаншаның шүріппесін басқандарға дейін қайта қаралуы керек, ашылуы керек деген талап қойып отырмыз. Бар мақсатымыз кек қайтару емес. Біз кекшіл емеспіз. Қанымызда, тегімізде ондай кекшілдік жоқ, – деді ол жиында. 

Еске алу жиынында заңгер Маржан Аспандиярова арызды оқып берді.

Алтынбек Сәрсенбайұлының өліміне тапсырыс беруші ретінде бастапқыда сенат аппаратының басшысы болған Ержан Өтембаев айыпталды. Кейіннен бұл қылмысқа экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы күйеубаласы Рахат Әлиев пен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Әлнұр Мұсаев айыпты деп танылды.

Тергеу бойынша, саясаткерді ҰҚК-нің «Арыстан» арнаулы жасағының офицерлері ұстап, РустамИбрагимов пен Виталий Мирошниковке тапсырған. Үшеуін де Ибрагимов атып өлтірген делінеді.

Рустам Ибрагимов куәлік сөзін бірнеше рет өзгерткен. Әуелі қылмысқа тапсырыс берді деп парламент сенаты аппаратының жетекшісі Ержан Өтембаевты көрсеткен. Кейіннен, 2014 жылы Рахат Әлиев пен Әлнұр Мұсаевты «тапсырыс беруші» деп атап, Сәрсенбайұлы, Байбосын мен Журавлевті атып өлтіргенін растаған. 2024 жылы президенттен көмек сұрап, түрмеден жазған хатында Ибрагимов оларды атқанын қайта жоққа шығарды.  

2006 жылы болған сотта бұл қылмысқа Ержан Өтембаев «тапсырыс берген» деп танылып, оны 20 жылға соттады. «Кісі өлтірді» деп танылған бұрынғы полиция қызметкері Рустам Ибрагимов өмір бойына түрме жазасына кесілді. 2013 жылы желтоқсанда Қазақстанның бас прокуратурасы «Алтынбек Сәрсенбайұлын өлтіруге шын мәнінде Рахат Әлиев тапсырыс берген» деп мәлімдеді.

Бас прокуратураның хабарлауынша, Ибрагимов 2012 жылдың сәуір айында Жоғарғы сотқа жүгініп, Сәрсенбайұлын өлтіруге тапсырыс берген Ержан Өтембаев емес – Рахат Әлиев пен ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Әлнұр Мұсаев деп көрсеткен.

Сот 2014 жылы Ержан Өтембаевқа қайта үкім шығарып, оны «қылмысқа айдап салушы» ретінде 13 жылға соттады. Ол сол жылдың аяғында шартты жазамен босап шығып, 2018 жылы қайтыс болды.  

Рахат Әлиев 2015 жылы Вена қаласында түрмеде жұмбақ жағдайда қайтыс болды. Австрия полициясының ресми қорытындысы бойынша, ол түрмеде асылып өлген. ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Әлнұр Мұсаев қазір Австрияда тұрады. Ол елдің құқық қорғау органдары оны Қазақстанға экстрадициялаудан бас тартқан.

Бүгінгі жиында Алтынбек Сәрсенбайұлының әріптесі, кәсіпкер Болат Әбілов Ulysmedia тілшісіне сол уақыттағы билік Сәрсенбайұлының оппозицияның басты идеологы болғанын қаламады дейді. Сөзінше, сол уақытта елде бар оппозициялық күштердің барлығы бірігуге талпыныс жасаған.

«Шындық әлі ашылған жоқ. Білеміз ғой, Рахаттың (Әлиевтің – ред) ешқандай қатынасы жоқ. Тапсырма берген Назарбаев және қасында жүрген кісілер. Сондықтан кім біледі? Алдымызда бес жыл өтер, он жыл өтер, бәрібір шындық ашылады», – деді Болат Әбілов.

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи Алтынбек Сәрсенбайұлының өлімі –тәуелсіз Қазақстан тарихында халыққа жасалған ең үлкен қастық деп бағалады.

«Осы Алтынбек оппозицияға келгеннен бастап, қоғамда протестік күштердің бірігуі басталды. Бұны мен неге айтып жатырмын, өткенді қайта жаңғырту емес, қазіргі қоғамның есіне салғым келеді. Алтынбектің келуімен естеріңізде болса, «Әділетті Қазақстан» деген қозғалыс құрылды. «Әділетті Қазақстанның» базасына Қазақстандағы барлық оппозициялық партиялар бірікті», – деді ол.

Кәсіпкер, Алтынбек Сәрсенбайұлының әріптесі Ораз Жандосов саясаткердің өліміне қайта тергеу жүргізу керек дейді. Сөзінше, оны қастандықпен өлтірілген оппозициялық саясаткер Заманбек Нұрқаділовтің өлімінен бастау қажет.

«Заманбектің өлімінен бастап дұрыстап тергеу жүргізу керек. Алтынбектің қазасы бойынша барлығын жаңадан жасау қажет, ол түсінікті. Оны қазіргі билік ғана жасай алады. Себебі оны азаматтық қоғам мен туыстары жасай алмайды. Өйткені тергеу құралдарының барлығы мемлекеттік органдардың қолында», – деді ол.