Түркістан облысының Мақтаарал ауданындағы Достық ауылында қараша айында болған атысқа қатысты сот ісі көпшілікке жария етілмей аяқталды. Бұл іс бойынша бес полиция қызметкері жәбірленуші деп танылған, олардың бірі оқ жарақатын алған. Алайда сотта айыпталушы болмады — күдікті сол күні қаза тапқан.
Ulysmedia.kz зерттеп шыққан сот қаулысынан полицияға оқ атқан адам Өзбекстан Республикасының азаматы болғаны анықталды. Мәйітті тексеру кезінде оның жанынан басқа заттармен қатар діни кітап табылып, ол заттай дәлел ретінде тәркіленіп, іске тіркелген.
Оқиға қалай басталды
2025 жылғы 17 қарашада шамамен сағат 16:20-да Мақтаарал ауданы полициясының кезекші бөліміне Достық ауылында қарулы ер адам жүргені туралы хабар түскен. Қоңырау шалған әйел бұл адамның өзінің азаматтық күйеуі екенін айтып, сөмкесінде екі ұңғылы аңшылық мылтық бар екенін жеткізген.
Оқиға орнына учаскелік инспекторлар мен патрульдік полиция жіберілді. Қызметкерлер келген кезде ер адам үй ауласында болған. Полицейлер өздерін таныстырып, қаруды жерге қоюды талап еткен. Алайда ол талапқа бағынбай, қарсылық көрсеткен.
Сот материалдарында К. Умирзаков полиция қызметкерлерінің заңды талабын орындамай, «жақындамаңдар» деп айқайлап, Әбдешов көшесіндегі №25 үйдің ауласына кіріп, шаруашылық құрылыстың ішіне жасырынғаны анықталды.
Осы сәттен бастап жағдай қарапайым тұрмыстық жанжалдан қарулы қарсыласуға ұласқан. Оқиға орнына жедел-тергеу тобы келіп, аула қоршауға алынған. Полицейлер тағы да қаруды тастап, сыртқа шығуды талап еткен.
Атыс қалай болды?
Сот деректеріне сәйкес, ер адам 16 калибрлі екі ұңғылы тегіс ұңғылы мылтықпен қаруланған. Бұл — ТОЗ-63 үлгісіндегі, ұңғылары қолдан қысқартылған қару. Алғаш болып оқ атқан да сол.
Жасырынған жерінен патруль қызметкерлерінің бағытына екі рет оқ атылған. Полицейлердің бірі «Макаров» табельдік тапаншасымен ауаға ескерту оғын шығарған. Алайда күдікті атысты тоқтатпаған. Атылған оқтардың бірі учаскелік инспектордың оң жақ санына тиген. Кейін сараптама бұл жарақатты денсаулыққа жеңіл зиян деп бағалап, уақытша еңбекке жарамсыздық 21 күнге дейін созылатынын анықтаған.
Осыдан кейін жедел-тергеу тобының жетекшісі жауап ретінде оқ атқан. Бірнеше оқ күдікті жаққа бағытталып, олардың бірі өлімге әкелген. Ер адам оқиға орнында көз жұмған. Кейін сот қаулысында қаза тапқан адамның Өзбекстан азаматы Комилжон Умирзаков екені көрсетілген.
Оқиға орнынан қару, оқ-дәрілер мен гильзалар тәркіленген. Сонымен қатар, мәйітті қарау барысында діни кітап табылып, ол да іске заттай дәлел ретінде тіркелген.
Айыпталушысыз өткен сот
Атысқа қатысты қылмыстық істі Түркістан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қараған. Сот отырысы оқиғадан бірнеше ай өткен соң өткен. Іс материалдарында жәбірленуші ретінде бес полиция қызметкері — екі патрульші және жедел-тергеу тобының үш мүшесі көрсетілген. Солардың бірі оқ жарақатын алған.
Умирзаковқа қаруды заңсыз сақтау және құқық қорғау органдары қызметкерлерінің өміріне қол сұғу баптары бойынша айып тағылған. Сот оқиға орнын қарау хаттамаларын, куәгерлердің жауаптарын, сот-медициналық және баллистикалық сараптамалардың қорытындыларын зерттеген. Сараптама ТОЗ-63 мылтығының атуға жарамды екенін және табылған гильзалардың осы қарудан атылғанын растаған.
Сот полиция қызметкерлерінің әрекетіне де құқықтық баға берген. Қаулыда өлімге әкелген оқ қажетті қорғаныс шегінде атылғаны нақты жазылған.
Финал
Бұл істің соңы заң жүзінде алдын ала белгілі еді. Айыпталушы қайтыс болған жағдайда қылмыстық іс ары қарай қаралмайды. Сондықтан сот істі тоқтатқан: Умирзаков атыс болған күні қаза тапқан, ал қылмыстық жауапкершілікке тартатын адам жоқ.
Тергеу мен сот процесіне кеткен барлық шығын мемлекет есебінен өтеледі.