Еуроодақтың метан шығарындыларына енгізіп отырған шектеулері қазақстандық мұнайды Еуропа нарығы үшін «қымбат жүкке» айналдыруы мүмкін. Соның салдарынан Қазақстан табысынан жүздеген миллион доллар айырылуы мүмкін. Бұл жөніндегі тау-кен өнеркәсібі бойынша сарапшы Телман Шуриевке мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Еуроодақтың жаңа ережелері
Exxon дерегінше, метан шығарындыларын қысқартуға бағытталған жаңа талаптар ЕО-ға импортталатын шикі мұнайдың құнын шамамен 13 пайызға қымбаттатуы мүмкін. Бұл Еуропа нарығының бәсекеге қабілеттілігіне кері әсер етеді.
Exxon компаниясының өнімдік шешімдер жөніндегі президенті Мэтт Крокердің айтуынша, 2027 жылға қарай ЕО-ға жеткізілетін қазіргі мұнай импортының шамамен 80 пайызы метан бойынша қойылатын талаптарға сай келмейді. Ал талапқа сәйкес келетін балама мұнай жеткізілімін қамтамасыз ету бір баррельдің орташа бағасына қосымша 9 доллар қосады. Brent маркалы мұнайдың қазіргі бағасы шамамен 70 доллар екенін ескерсек, бұл шығындардың 10 пайыздан астам өсуіне әкеледі.
– Еуроодақ қазба отын импортына қойылатын экологиялық талаптарды қатаңдатып жатыр. 2027 жылдан бастап ЕО-ға жеткізілетін мұнай мен газ метан шығарындыларын мониторингтеу, есеп беру және верификациялау (MRV) бойынша қатаң стандарттарға сай болуы тиіс. Ал 2030 жылдан бастап ЕО белгілеген метан қарқындылығы деңгейінен асқан жағдайда айыппұл салу көзделіп отыр, – деп еске салады Тельман Шуриев.
Қазақстанға қандай қауіп төніп тұр?
Exxon есептеріне сүйенсек, Еуроодақ қазақстандық мұнайға белгілі бір дисконт қолдануы мүмкін. Мысалы, бағаны екі есеге жуық төмендетсе, ЕО-ға экспортталатын әр баррель мұнайдан Қазақстан 3,5–5 доллар көлемінде табыстан қағылуы ықтимал.
– Eurostat деректері мен зерттеулерге сәйкес, 2024–2025 жылдары Қазақстан ЕО-ға мұнай жеткізуші үшінші ірі ел болды. Оның үлесі Еуроодақтың жалпы мұнай импортының шамамен 12–12,2 пайызына тең. Қазақстан мұнай экспортының 75–80 пайызы Еуропаға бағытталады. Менің шамамен есептеуім бойынша, егер Exxon бағалауын негізге алсақ, Қазақстан экономикасының жыл сайынғы шығыны 500 млн доллардан асуы мүмкін, – дейді сарапшы.
Қарапайым тілмен айтқанда, қазақстандық мұнайдың төрттен үш бөлігі Еуропаға экспортталатындықтан, метанға қатысты жаңа талаптар елге жылына жарты миллиард долларға жуық шығын әкелуі мүмкін. Егер Қазақстан метан шығарындыларының төмен екенін дәлелдейтін нақты деректер базасын қалыптастырмаса, бұл дисконт тұрақты, жүйелі сипатқа ие болуы ықтимал.