"Жергілікті қызметкерлерді қуып, орнына ресейліктерді алған". Танымал мейрамханада шу шықты

Сымбат Сатыбалдина
Ulysmedia.kz коллажы

Алматылық тұрғын Жанат Қаратай аутизммен ауыратын 27 жастағы ұлы Әлібек Қаратайдың жұмысынан кетуге мәжбүр болғанын айтып, қоғамнан қолдау сұрады. Оның айтуынша, ұлы төрт жыл бойы Burger King желісінде тұрақты жұмыс істеп, өзін ұжымның толыққанды мүшесі ретінде сезініп келген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Жанат Қаратайдың сөзінше, ұлы Әлібек 1998 жылы дүниеге келген. Екі жасқа толғанда баланың дамуында ерекшелік бар екені байқалғанымен, ол кезде «аутизм» немесе «сөйлеу дамуының тежелуі» деген ұғымдар кең таралмаған.

- Ол екінші балам. Сөйлемеді, адамдармен көп байланыспады. Мен сол кезде жұмысымды, IT саласындағы болашағы зор мансабымды тастап, бәрін өзім зерттеуге кірістім. Жылдар бойы педагогика мен реабилитацияға толықтай бойлап, нәтижеге жеттік, — дейді ол.

Анасының айтуынша, Әлібек мектепті бітіріп, Т.Жүргенов атындағы колледжде білім алған. Ол мүсінші мамандығын меңгеріп, пластилиннен анимациялық мультфильмдер жасауға әуестенген. Әртүрлі жерде жұмыс істеп көргеннен кейін, ақыры өзіне ұнайтын орта мен істі тапқан.

- Ол аспаз болып жұмыс істеді. Төрт жыл бойы тұрақты еңбекақы алып, тапқан ақшасын өзі жұмсап, ұжымға сіңісіп кетті. Қажет кезде қосымша жұмысқа қалды, демалысын өзі жоспарлады, бір филиалдан екіншісіне ауысып жүрді, — дейді Жанат Қаратай.

Оның айтуынша, бұл — отбасының ғана емес, әкімшілер мен менеджерлердің де бірлескен еңбегінің нәтижесі болған.

- Бізге қолдау көрсеткен, жұмсақ әрі түсіністікпен қараған командаға, әсіресе менеджер Шырынға және Әлібектің тікелей жетекшісі Ерланға өмір бойы алғыс айтамыз, — деп атап өтті ол.

ЖАҒДАЙ КҮРТ ӨЗГЕРГЕН

Алайда жағдай аймақтық жаңа басшы келгеннен кейін күрт өзгерген. Жанат Қаратайдың айтуынша, Сергей есімді жаңа өңірлік жетекші тағайындалған соң, ұлына қатысты «үнсіз қысым» басталған. Күзден бері Әлібек бұрынғыдай емес, тұйықталып, мазасыз күйге түскен.

- Біз не болып жатқанын ұзақ уақыт түсінбедік. Кейін ғана оның жұмыстан кетуге мәжбүрленіп жатқанын естідік, — дейді анасы.

Ол қазір бар күшін ұлының адамдарға деген сенімін қайта қалпына келтіруге жұмсап жатқанын айтады.

- Қазір мен өзімді әрең жинап жүрмін. Басқа айтарым жоқ. Тек сөзбен, кеңеспен көмектесіңіздерші. Жаңа келген бір адамның жылдар бойы қалыптасқан инклюзивті ортаны бұзуға қалайша құқы бар?, — деп жазды ол.

Жеке кездесудің де нәтиже бермегенін айтқан Жанат Қаратай жаңа басшымен сөйлесуді «роботпен сөйлескендей әсер қалдырды» деп сипаттайды.

Оның сөзінше, әлгі адам Қазақстанға жақында ғана келген, инклюзивті қоғам туралы түсінігі жоқ және аутизммен ауыратын адамдардың өзгелермен тең дәрежеде жұмыс істей алатынын мүлде білмейді.

- Ол мұндай адамдармен ешқашан жұмыс істеп көрмеген, тіпті естімеген де. Бұл — жай ғана шектен шыққан жағдай, — деп түйіндеді ана.

ТАҒЫ БІР ОҚИҒА

Burger King желісінде бірнеше жыл жұмыс істеген тағы бір азамат компаниядағы ішкі ахуалдың нашарлауына байланысты жұмыстан кеткенін айтты. Оның сөзінше, ұжымдағы мәселелер жаңа басшылық келгеннен кейін басталған.

Алайда, оның айтуынша, жағдай өткен жазда түбегейлі өзгерген. Компанияға Ресейден жаңа бас директор тағайындалып, соның артынан басқарушы құрам толық ауысқан.

- Жазда бізге Ресейден жаңа бас директор келді. Содан кейін бүкіл басшылықты сол жақтан келген релаканттармен ауыстырды. Олар бірінен соң бірі келіп жатты, барлығына өте жақсы жағдай жасалды, — дейді бұрынғы қызметкер.

Оның айтуынша, жаңа басшылар қызметкерлермен танысу кезінде мейрамханаларды аралап, өздеріне жасалған еңбек шарттары мен жалақыларын ашық айтып, мақтанған.

- Олар жалақыларын, жұмыс шарттарын жасырмай айтып жүрді. Бұл ақпарат қарапайым қызметкерлер арасында өте тез тарады. Әрине, адамдарға ауыр тиді, — дейді ол.

Қызметкердің сөзінше, мәселе тек кадр бөліміне немесе HR директорларына ғана тірелмейді, түпкі нәтиже — қарапайым қызметкерлерге деген көзқарас.

- HR болсын, басшылық болсын — айырмашылығы жоқ. Барлығы өзін өзгелерден ақылдырақ сезінетіндей, тым менмен ұстайды, — дейді ол.

Бұрынғы қызметкердің айтуынша, жағдайды ушықтырған тағы бір оқиға болған. Аймақтық басшы Сергейдің жұбайы (ол да Ресейден келген, мейрамхана директоры болып жұмыс істеп, кейін қызметі жоғарылаған) жұмыс орнында Қазақстан мен қазақтарға қатысты қорлайтын мем жапсырған.

- Бұл мемді бір әріптесім Threads желісіне салып, шағымданды. Бірақ бізді қорқытып, шу шықпай тұрғанда жазбаны өшіртті, — дейді ол.

Оның айтуынша, дәл осындай қарым-қатынастың салдарынан көптеген қызметкер жұмыстан кеткен.

- Осындай көзқарастан кейін көп адам шыдай алмай кетті. Мен үшін бұл жағдай өте ауыр. Қазір компанияның ішінде не болып жатқанына қатты қынжыламын, — деп түйіндеді бұрынғы қызметкер.

КОМПАНИЯ ЖАУАБЫ

Желідегі шудан кейін компания өкілдері ресми жауап берді. Олардың сөзінше, Әлібек Қаратай жұмыстан шығарылмаған. 

- 2026 жылғы 29 қаңтарда HR департаментіне қызметкердің демалыс ресімдеу ниеті туралы хабарлама келіп түсті. Осыдан кейін Әлібек жұмысқа шығуды уақытша тоқтатты, бұл ретте компанияға белгіленген нысандағы ресми хабарлама келген жоқ, – делінген хабарламада. 

Компания өкілдері Әлібектің анасы Жанат 6 ақпанда компанияға өз атынан жазылған еңбек қатынастарын тоқтату туралы өтінішті табыстағанын айтады. 

- Компания тарапынан жағдайды шешудің мүмкін жолдары, соның ішінде басқа мейрамханаға ауысу ұсынылды. Біз диалогқа ашық болып қала береміз және қызметкердің өзінің және оның отбасының қатысуымен келесі қадамдарды сындарлы жұмыс форматында талқылауға дайынбыз, – делінген жауапта. 

Компания өкілдері барлық стандарттың сақталуын қамтамасыз ету және әрбір қызметкерге қолайлы еңбек жағдайларын жасау үшін ішкі тексеріс жүргізіп, ұжым ішіндегі өзара әрекеттесу процестерін талдауда дейді.