Ауқымды тексеру нәтижесі бойынша өңірдегі асфальтбетон зауыттарының тек төртеуі ғана белгіленген талаптарға толық сай келетіні анықталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Түркістан облысында жұмыс істеп тұрған 29 асфальтбетон зауытының 20-сы құжаттама мен өндірістегі заңбұзушылықтарға байланысты аудиттен өтпеген. Тексеру барысында небәрі төрт зауыттың барлық талапқа толық сәйкес келетіні белгілі болды. Кәсіпорындарға кемшіліктерді жою үшін уақыт берілді. Атап айтқанда, таразыларды, дозаторларды және температура датчиктерін қайта тексеру қажет.
— Түркістан облысы бойынша бізде 29 асфальтбетон зауыты бар. Соның ішінде қазіргі таңда бес зауытта жөндеу жұмыстары жүріп жатқандықтан, олар уақытша тоқтап тұр. Төрт зауытта құжаттама толық ретке келтірілген, олар барлық тексеруден өтіп, талаптарға сай деп танылды. Ал қалған 20 зауыт құжаттарын ретке келтіріп, таразыларды, дозаторларды, зауыттағы температура датчиктерін тексеруі тиіс, — деді Жол активтері сапасының ұлттық орталығы филиалы бөлімінің басшысы Қайрат Шәкіров 24.kz арнасына берген сұқбатында.
Ал зауыт иелері мен басшыларының айтуынша, салада білікті кадрлардың жетіспеушілігі айқын сезіліп отыр.