Үкімет отырысынан кейін өткен брифинг барысында квазимемлекеттік компания басшысы мен Ауыл шаруашылығы ведомствосының өкілі ет бағасына қатысты пікір білдірді. Екеуі де сиыр етінің бір келісі 8 мың теңгеден арзан болуы мүмкін емес деген ойға тоқтасты. Дегенмен, кейбір нюанстар бар, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«ChatGPT-тен де сұраңыз»
Қазақстанда өндіріс дамуы үшін мемлекет зауыттарға жеңілдетілген несиелеуге триллион теңге құйып отыр. Үкімет отырысында премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин, Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров және «Бәйтерек» холдингінің басшысы Рустам Қарағойшин бұл қаражат кәсіпкерлерге нарықты өнімге толтыруға мүмкіндік беріп, соның нәтижесінде Қазақстан инфляцияны жеңеді деп күтіліп отырғанын айтты.
Алайда экономиканы ақшаға «көмкеріп», инфляцияны жеңу идеясы журналистерге күмәнді көрінді. Сол себепті баспасөз мәслихатына шыққан ресми тұлғалардан: импортқа қарсы күрес пен азаматтардың қалтасы үшін нақты қандай шаралар қабылданады деген сұрақ қойылды. «Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингінің басқарма төрағасы Рустам Қарағойшин ашығын айтты: көптеген тауар бойынша жақын арада баға арзандайды деп күтуге болмайды. Себебі кез келген өндірісті жаңғырту қаржы талап етеді, ал ол қаражат кейін қайтарылуы тиіс.
– Қазіргі таңда Қазақстандағы ет бағасы төмен. Қазір бәрі ChatGPT қолданады ғой, әлемдегі ет бағасын қарап көрсеңіз, ең арзаны Африка құрлығында — 0,47 доллар. Ал бізде одан да арзан. Сондықтан мұндай жағдайда технология мен өзге шығындарды өтеу өте қиын, – деді Қарағойшин.
Ал «онда еттің әділ бағасы қандай болуы керек?» деген нақтылаушы сұраққа ол тағы да интернетке жүгінуді ұсынып, мысал ретінде Ресейде сиыр етінің келісі 15 доллар тұратынын айтты.
Өзімізді де, көршіні де асырау
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов та фермерлерге қазіргі сөрелердегі бағадан жоғары баға қажет екенін жасырмады. Бірақ оның айтуынша, министрлік отандық тұтынушы мен өндірушінің мүддесін бір-біріне зиян келтірмей үйлестіру жолын біледі.
– Ет бағасы туралы айтқанда, бағаның өсуі әрдайым ішкі нарықта қымбатшылық болып жатыр деген сөз емес. Бізде көрші экспорттық нарықтар бар, онда етке «тартымды» баға ұсынылады — Өзбекстан, Түркия және басқа елдер. Біз сол жақта табыс табамыз. Ол үшін мал шаруашылығын дамыту бағдарламасы қабылданды. Бұл ірі қара мен ұсақ малдың, жалпы мал басының күрт өсуіне алып келеді. Мал саны артқан кезде экспорттық шектеулер алынып тасталады, бұл фермерлерге үлкен қолдау болады. Олар сыртқы нарықтан табыс табады, ал сиыр етіне қатысты бұрын болған жағдайларды қайталамаймыз, себебі нарық өнімге толады, – деді Азат Сұлтанов.
Алайда бұл «берекелі кезеңнің» қашан басталатынын вице-министр нақтылаған жоқ.
Шетелдік киви статистиканы «бұзды»
Жалпы, оның айтуынша, Қазақстанда азық-түлік бағасы баяу өсіп жатыр, әсіресе әлеуметтік маңызы бар тауарлар бойынша.
– Баға күрт өсті деген пікірмен келіспеймін. Біз Серік Жұманғаринмен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын апта сайын талқылаймыз. Өткен аптада өсім небәрі 0,2% болды. Негізгі фактор — көкөніс тобына қатысты маусымдылық: сақтау шығындары, сұрыптау, кебу, салмақ жоғалту. Мұның бәрі сатылым көлемі мен бағаға әсер етеді, – деді ол.
Ал халық арасында «дүкенге барған сайын чек қымбаттап бара жатқандай» әсердің пайда болуын Сұлтанов импортпен байланыстырады.
– Азық-түлік инфляциясы туралы айтқанда, әлеуметтік маңызы бар тауарлар мен жалпы азық-түлік бағасының өсуін бөліп қарау керек. Ұлттық банк талдауында барлық тауар бір есепке алынады. Мәселен, киви немесе басқа экзотикалық жемістер қымбаттаса, ол да жалпы көрсеткішке әсер етеді, – деп түсіндірді вице-министр.