Жаңа Конституция жобасы бір айдан кейін референдумға шығарылады. Билік түсіндіру жұмысына кірісіп кетті. Алайда халық орасында жаңа Консмтитуция тым жылдам қабылданатын болды, көпшіліктің ұсыныс-шағымы ескерілмей жатыр деген пікірлер де айтылып жатыр. Осы орайда ulysmedia.kz тілшісі түрлі сала сарапшыларын сөзге тартып, жаңа Ата заңда не ескерілмей жатқанын сұрап білді.
Конституцияны түсіндіру ме әлде оған халықты сендіру ме
Билік Конституцияға өзгерістер енгізуді қолдайтын коалиция құрып, ауқымды ақпараттық науқанды бастап кетті. Қазақстан парламентіндегі бес партия, үш жүзден астам қоғамдық ұйым, депутаттар және өзге де белсеннділер «Әділетті және прогрессивті Қазақстанның халықтық Конституциясы үшін» атты жалпыұлттық коалицияға бірікті. Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов жетекшілік ететін бұл бірлестік 15 наурызға жоспарланған референдумға дейін Астанадан бастап барлық өңірлерде түсіндіру шараларын өткізіп, билік ұсынған жаңа Конституция жобасын халыққа таныстыруды көздеп отыр.
Алайда қоғамдағы талқылау екі түрлі бағытта өрбіп жатыр. Мемлекеттік БАҚ бұл бастаманы саяси жаңғыру ретінде сипаттаса, құқық қорғаушылар мен тәуелсіз сарапшылар кейбір нормалар азаматтық бостандықтарды шектеуі мүмкін екенін, әлі де халық пікірімен санаспай жатыр деген пікір айтуда.Сарапшылар Конституция жобасының соңғы нұсқасы жариялана сала билік өкілдерінің үгіт-насихатқа кірісуін түсіндіруден гөрі жаңа Конституцияға сендіруге ұқсатады. Қоғам тарапынан сын көп, сын түзелмей мін де түзелмейтіні анық.
Жеке адамның пікірі халықтың пікірі емес
Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті филология факультетінің деканы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Серікзат Дүйсенғазы Конституция төңірегіндегі талқылауда басымдық мықты сала мандарының тоқтамына берілу керек деп есептейді.
- Не айтса да қарсы шығып жатқандар бар, жақтап отырғандар да бар. Әрине, әр адам конституциялық құқығын пайдаланып, пікірін айтуға құқылы. Бірақ, жұрттың бәрінің айтқаны дұрыс та болмауы мүмкін. Жеке бір адамың пікірі халықтың пікірі емес. Сондықтан, халықтың пікірі ескерілмей жатыр деп емес, жеке адамдардың пікірі ескерілмеген деуге болатын шығар. Жаппай халықтың араласқаны 9-баптағы тіл мәселесі болды. Оның нәтижесі шықты. Конституциялық кеңес халықтың үніне құлақ асты.Тең дегенді қатар деп өзгертті. Бірақ, оған да наразылар бар. Әркім өзінше талдап жатыр. Менің ойымша, оны нақты мамандар талдау керек. Конституция халықтың құжаты болғанымен, оны арнайы мамандар жазады. Солардың шешімі қалады. Халықтың сөзі деп әркімнің айтқанын жаза берсек, ол Конституция болмайды, Конституциялық кеңес мүшелері көпшіліктің пікірін ескеріп, дұрыс шешім қабылдайды деп есептеймін, - дейді ғалым.
Серікзат Дүйсенғазы 9-баптағы өзгеріске заңдық тұрғыдан мән беру керектігін айтады.
- Орыс тілі қазақ тілімен қатар қолданылады деген түзетуді қате деп те, дұрыс деп те айта алмаймын. Бір мәселені ескеруіміз керек, билік халықтың талабы мен ұсынысына құлақ асты.Қалай дегенде де, 9-бапқа өзгеріс енгізілді. Қатар мен тең сөзін біреулер ұқсас сөздер деп айтып жатыр. Бірақ оның заңдық жағын заңгерлер айтар. Филологтар басқа, заңда басқа қолданылуы мүмкін ғой. Сөздің құқықтық салмағы болуы мүмкін. Дегенмен, белсенді азаматтар арқылы тілімізге деген өзектілік бар екенін билікке жеткізе алдық. Сәл де болса, бұл халықтың жеңісі деп санаймын, - дейді тіл маманы.
Конституцияның кемшін тұстары көп
Заңгер Әлімжан Жұбатқанов Конституция асығыстықпен қабылданып жатқанын, кемшін тұстары көп екенін айтады.
- Бәрі асығыс болған соң біреулер танысып, өтініштерін жолдап үлгермей жэатыр. Біржақты ғана болды деп есептейміз. Мысалы, Конституцияның 5-бабы 6-бөлігінде қарқынды дамитын қала және арнаулы құқықтық режимдер деген сөздер қосылған. Не үшін қосқаны бізге түсініксіз. Біз тәуелсіз мемлекетпіз, үй ішінен үй тіккендей болып отырмыз. Қала салуға келсек, салалық заңдар бар, қажер болса Президенттің арнайы жарлығымен реттей беруге болады ғой. Оны кіргізудің қажеті жоқ еді. Керісінше бізге қауіпті болуы мүмкін. Белгілі бір қиындық тудыруы мүмкін, - дейді сарапшы.
Заңгер тілге қатысты енгізілген өзгеріс те көңіл көншітпейді, халық талабы толық ескерілмеді дейді.
«Қатар мен тең сөзі негізі бірдей. Соттарда орыс тілі әлі басымдық алып келеді. Сот процестері көп жағдай мемлекеттік тіл қазақ тілі бола тұра, орыс тілінде өтеді. Салалық заңдардың бәрі орысша болғандықтан, солай болып тұр. Ақыры Конституцияға келіп тіркеліп тұр. Орыс тілі қажет жағдайда қатар қолданылсын десе жөн болар еді. Отыз бес жыл болды, әлі алығып келеміз. Тіліміз өз тұғырына қонбай, қазақ тілінің салалық басымдыққа ие бола алмайтыны анық. Қазір қазақша сөйле деп талап етсек, орыс тілділер Қылмыстық кодекстің 174-бабымен ұлтаралық араздықты қоздырды деген шағым түсіріп, қылмыстық іс қозғауды талап етуі мүмкін. Сонда өз тілімізде сөйлеуді талап етсек, жауапқа тартылып кетуіміз керек пе. Осының бәрін жүйеге келтіретін Конституция. Сондықтан, халықтың орыс тілін алып тастау талабы орынды еді. Оны бәрібір ескермеді. Ешкім бізді қуып келе жатқан жоқ. Әлі де асықпау керек, - дейді Әлімжан Жұбатқанов.
Маман Жаңа Конституцияда ақысыз оқуға кепілдік беретін норма алынып тасталғанын айтады.
«Бұрынғы Конституцияда жоғары оқу орындарында тегін білім алу мүмкіндігі болған. Қазіргі Конституцияда 33-бапта оны алып тастаған. Бұл студенттердің құқығын шектейді деген сөз. Сонда бәрі ақылы бола ма? Конкурс, тегін деген сөз қайда кетті, түсініксіз. Осы жерде бір шикілік бар», - дейді ол.
Заңгер қазақстандықтардың тегін медициналық көмек алу құқығы да күмәнді болып қалғанын айтады.
«Қазіргі қолданыстағы Конституциямыздың 29-бабында қазақстандықтардың денсаулық сақтау құқығы бар екені айтылған. Екінші тармағында Қазақстан азаматтары тегін кепілдендірілген медициналық көмекті алуға құқылы делінген. Жаңа Ата заң жобасының 32-бабында тегін және кепілдендірілген деген сөздерді алып тастап, ақы төлемей алуға құқылы деп өзгерткен. Медициналық жарнаны үш ай төлемесе, ауруханалар мен емханалар қабылдамайды, азаматтар тегін медициналық көмектен қағылады. Сонда азаматтар ауруы асқынып, өле бере ме, осы жері қайшы келеді. Бұрынғы мәтін дұрыс еді», - дейді адвокат.
Жаңа Конституция адам құқығын төмендетеді
Құқық қорғаушы Татьяна Чернобиль әзірлеушілер жаңа Конституцияны адамға бағытталған құжат ретінде таныстырғанымен, жоба мемлекеттiң адам құқықтарына қатысты міндеттемелерін төмендетеді деп есептейді.
- Мәселен, сөз бостандығына қатысты жобаcының 23-бабында мемлекетке сөз бостандығын заңсыз шектеуге жол бермеу туралы емес, керісінше адамға «сөз бостандығын теріс пайдалануға» тыйым салу түрінде тыйым енгізілген. Осылайша Конституция мемлекетке сөз бостандығын шектеудің қажеттілігін негіздеу жауапкершілігін жүктемей, керісінше жауапкершілікті азаматтың өзіне аударады, яғни «тіліне ие болу» міндетін қояды. Мен мұны сөз бостандығына кепілдік емес, өзін-өзі цензуралауға негіз болатын норма деп көремін. Оның үстіне, осы баптан жоғары орналасқан 15-баптың 5-тармағында адамның өз құқықтарын жүзеге асыруына қойылатын шектеулер көрсетілген.
Қолданыстағы Конституцияға сәйкес, азаматтығы жоқ адамдардың құқықтарына, егер заңда өзгеше көзделмесе, кепілдік беріледі. Ал жоба бойынша, азаматтығы жоқ адамдардың құқықтарына тек Қазақстан заңнамасында рұқсат етілген жағдайда ғана кепілдік беріледі.
Сот шешімінсіз қамауда ұстау мерзімі жоба бойынша «заңда көзделген мерзімдерден аспауы тиіс» деп көрсетілген. Ал қазіргі Конституцияда мұндай қамаудың ең жоғары шегі нақты белгіленген 72 сағаттан аспауға тиіс. Бұл заң арқылы сот шешімінсіз қамауда ұстау мерзімін қазіргі конституциялық шектен (72 сағаттан) ұлғайтуға әкелуі мүмкін.
Бұдан бөлек, жоба ар-намысты қадір-қасиетпен теңестіріп, енді ар-намыстың да абсолютті қол сұғылмаушылығын бекітеді. Бұл, мысалы, мемлекеттік қызметшілерге бағытталған сынның өзі олардың ар-намысына нұқсан келтірді деп бағаланса, сын айту мүмкіндігін шектеуі ықтимал. Бұл да өзін-өзі цензуралауға негіз болуы мүмкін.
Жобаға сәйкес, мемлекет енді еңбек ету бостандығына емес, еңбекке құқыққа кепілдік береді. Алайда сонымен бірге жұмыссыздықтан қорғау жөніндегі нақты конституциялық міндеттемесін алып тастайды, бұл маған қисынсыз көрінеді.
Сондай-ақ, қолданыстағы Конституцияда мұқтаж азаматтарға «мемлекеттік тұрғын үй қорларынан қолжетімді ақыға» тұрғын үй беру жөніндегі нақты міндеттеме болса, жоба бұл норманы «заңда белгіленген нормаларға сәйкес» тұрғын үй беру туралы жалпы ережемен алмастырады.
Меніңше, мемлекет өз міндеттемелерін арттырмай, керісінше төмендетіп отыр. Әсіресе, бұл халықаралық шарттардың, соның ішінде адам құқықтары жөніндегі шарттардың мәртебесі төмендетіліп жатқан жағдайда алаңдатарлық болып көрінеді, - дейді сарапшы.