Конституциялық сот Алматы әкімдігінің қаулысымен енгізілген, бензин қозғалтқышы бар көліктердің Шымбұлақ шатқалына кіруіне тыйым салуды заңсыз деп таныды. Бұған дейін бұл аумаққа тек электромобильдердің кіруіне рұқсат етілген еді.
Мән-жайы
Істі қарауға Тұйықсу шатқалында тұратын тұрғынның өтініші себеп болған. Оның айтуынша, шектеулер өз үйіне жетуді қиындатқан. Өйткені елді мекенге апаратын жол Шымбұлақ арқылы өтеді, ал басқа қолайлы жол жоқ.
Конституциялық сот мемлекет қоршаған ортаны және табиғи аумақтарды қорғау мақсатында белгілі бір шектеулер енгізе алатынын атап өтті. Алайда мұндай шаралар заң аясында қабылданып, азаматтардың құқықтарын бұзбауы тиіс.Сот Алматы әкімдігінің мұндай тыйымды өз бетінше енгізуге құзыреті болмаған деген қорытындыға келді. Себебі Экологиялық кодекс бойынша мұндай мәселелер мәслихаттың құзыретіне жатады.
Сонымен қатар Конституциялық сот бұл шешім Шымбұлақтағы көлік қозғалысына қатысты барлық шектеулердің толық жойылғанын білдірмейтінін атап өтті. Экологиялық талаптар сақталуы мүмкін, бірақ олар заң талаптарына сай рәсімделіп, тұрғындардың мүддесі ескерілуі қажет.Нәтижесінде сот Алматы әкімдігінің 2016 жылғы 8 сәуірдегі қаулысының Шымбұлақ аумағына көліктердің кіруін шектейтін тармағын Конституцияға сәйкес емес деп таныды.
Бұл мәселеге қатысты өтініш Конституциялық сотқа 2025 жылдың күзінде түскен.