Қазақстанның бұрынғы көлік прокуроры Мақсат Дүйсеновті экстрадициялау туралы құжаттар 2025 жылдың күзіне қарай жолданған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Қазақстан тарапы экс-прокурор Дүйсеновті елге қайтару мәселесін әлі күнге дейін шеше алмай отыр. Бұған дейін Германия билігі қазақстандық әріптестеріне экстрадициялаудан бас тартқан. Бұдан бөлек, редакция дерегіне сәйкес, бұрынғы прокурор қазір бостандыққа да шыққан. Бұл туралы Ulysmedia.kz бұған дейін жазған болатын.
Алайда бірнеше ай өтсе де, Дүйсенов ісінде ешқандай өзгеріс жоқ. Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы Ulysmedia.kz-тің ресми сұрауына берген жауабында Германия тарапынан әлі күнге дейін ешқандай жауап келмегенін мәлімдеді.
— Сіздің өтінішіңізді қарастыра отырып, Дүйсенов М.Қ.-ға қатысты экстрадициялау туралы сұрауды Германия тарапының қарау нәтижелері жөнінде Бас прокуратураға осы уақытқа дейін ақпарат түскен жоқ екенін хабарлаймыз, — деп жауап берген қадағалау органы.
Сондай-ақ ведомство ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге мәліметтер жария етуге жатпайтынын атап өтті.
КОНТЕКСТ
Еске салайық, Мақсат Дүйсенов Германияның Нюрнберг қаласындағы түрмеде бірнеше ай отырған. Бұған дейін Ulysmedia.kz редакциясы Германияның ресми органдары Дүйсеновті Қазақстанға экстрадициялаудан азаптау қолданылуы мүмкін деген қауіп пен істің саяси астары бар деген уәждерге байланысты бас тартуы ықтимал екенін хабарлаған.
Өткен жылдың қарашасында Қазақстанның азаматтық қоғам коалициясы «Мақсат Дүйсеновтің келісімімен оның қарамағындағы қызметкерлер ұсталғандардан мойындату жауабын алу үшін қару қолданамыз деп қорқытып, күш қолданған» деп мәлімдеген еді.