БҚО-да шенеунік жасөспірім қызды зорлады деген күдікке ілінді

Сырым Қаржас
pixabay.com

Батыс Қазақстан облысының Шыңғырлау ауданында мектеп оқушысы зорлық-зомбылыққа ұшыраған. Қылмыс бір айдан астам уақыт бұрын болғанымен, күдікті әлі күнге дейін ұсталған жоқ, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Уральская неделя басылымының мәліметінше, жасөспірімді жоғары лауазымды шенеунік зорлаған. Алайда оның аты-жөні жарияланбай отыр.

— Шыңғырлау аудандық полиция бөлімі Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 120-бабы 3-1-бөлігінің 1-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғады. Күдіктіге қатысты «қамауда ұстау» бұлтартпау шарасын қолдану мәселесі тергеу әрекеттері кешені жүргізілгеннен кейін шешіледі, — деп мәлімдеді полиция департаменті.

ҚОҚАН-ЛОҚЫ ЖАСАЛҒАН

Зардап шеккен қыздың әкесі «УН»-ға оқиғаның кейбір жай-жапсарын айтып берген. Оның сөзінше, 2 қаңтар күні 57 жастағы ер адам қызын алдап үйіне шақырып, зорлаған.

— Ол жасаған ісін мойындады, қызым да оны таныды. Бірақ полиция оны үйіне жібере салды. Ал содан кейін маған телефон арқылы қоқан-лоқы көрсете бастады. Біз қарапайым адамдармыз, адвокатты жақында ғана жалдадық. Ақша жинадық, – дейді қыздың әкесі.

Оның сөзінше, полиция бұл іске салғырт қарап отыр. Ер адам тергеу тоқтап қала ма деп қауіптеніп отыр.