Зеленский алғаш рет бункердегі жұмыс кабинетін көрсетті

Сырым Қаржас
УНИАН коллажы

Украина президенті Владимир Зеленский Ресейдің Украинаға қарсы ауқымды басып кіруінің төрт жылдығына байланысты халыққа үндеу жасап, алғаш рет бункерде орналасқан жұмыс кабинетін көрсетті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

– Бүгін Путиннің «Киевті үш күнде аламыз» дегеніне тура төрт жыл толды. Бұл сөздердің өзі біздің қарсылығымыз туралы, Украинаның осы уақыт бойы қалай күресіп келе жатқанын көп нәрсені аңғартады. Бұл сөздердің артында миллиондаған халқымыз тұр. Бұл – батылдық, өте ауыр еңбек, төзім және 24 ақпаннан бері Украина жүріп өткен үлкен жол, – деді Зеленский.

Президент сондай-ақ Банковая көшесінде орналасқан бункердегі кабинетін көрсетті. Дәл осы жерде ол соғыстың алғашқы күндерінде әлем көшбасшыларымен алғашқы келіссөздерін жүргізген.

– Мен осы жерде АҚШ президенті Джо Байденмен сөйлестім. Дәл осы жерде: «Владимир, сізге қауіп төніп тұр, Украинаны шұғыл түрде тастап кетуіңіз керек. Біз көмектесуге дайынбыз» деген сөзді естідім. Ал мен: «Маған такси емес, қару керек» деп жауап бердім. Бұл біз бәріміз қорықпаймыз немесе темірдей мықтымыз деген сөз емес. Біз де ет пен сүйектен жаралған адамбыз. Ол күні бәрімізге, бүкіл украин халқына қорқынышты да, ауыр да болды. Көп адам шок күйінде қалды, не айтарын білмеді. Бірақ қандай да бір көзге көрінбейтін деңгейде бәріміз бір нәрсені түсіндік: бізде басқа Украина жоқ. Бұл – біздің үйіміз. Не істеу керегін бәріміз іштей білдік, – деп қосты Зеленский.

Осылайша Украина басшысы соғыстың ең ауыр сәттерінде қабылданған шешімдер мен елдің қарсылық рухы қалай қалыптасқанын алғаш рет ашық көрсетті.

САРАПТАМА

1461 күн. Ресейдің арнайы әскери операция деп атаған Украинаға басып кіру әрекетіне осынша уақыт өтіпті. Үш күнде аяқталады деп масайраған Путин сөзі желге ұшты, талай әскері жер құшты. Төрт жыл өтті.  Осынша уақыт өткенде әлем қалай өзгерді, Ресей мен Украина хәлі нешік – Ulysmedia.kz тілшісі саралап көрді.