Иран билігі жаңа қақтығыстар аясында студенттерге ескерту жасады

Сырым Қаржас
Фото: zn.ua

Иранда студенттік наразылықтар жалғасып жатыр. Осыған байланысты билік «қызыл сызықтар» бар екенін еске салып, оларды бұзуға болмайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Al Jazeera мәліметінше, үкіметтің ресми өкілі Фатеме Мохаджерани Тегеранда өткен брифингте студенттердің «жүрегінде жара барын» айтып, олардың ашу-ызасын түсінуге болатынын жеткізген. Оның айтуынша, бұл қаңтар айындағы оқиғалардың салдары — ол кезде елде адам шығыны көп болған жаппай наразылықтар өткен.

Сонымен қатар, ол билік үшін қасиетті нысандар мен мемлекеттік тудың ерекше маңызға ие екенін атап өтті. Жақында интернетте студенттердің Иранның қазіргі мемлекеттік туын өртеп, 1979 жылғы революцияға дейін қолданылған арыстан мен күн бейнеленген туды көтерген видеолар тарады.

Билік жастарды тыңдауға дайын екенін мәлімдегенімен, көптеген университет қаңтардағы қақтығыстардан кейін бір айдан астам уақыт бойы жабық тұр. Бірқатар жоғары оқу орындары сабақтарды иран күнтізбесіндегі жылдың соңына дейін (20 наурызға дейін) онлайн форматқа көшірген.

Жұмысын жалғастырып жатқан университеттерде наразылық білдірушілер мен билікке жақтас топтар арасында қақтығыстар тіркелуде. Бұл топтар Басидж деп аталатын, Ислам революциясы сақшылар корпусы құрамындағы құрылыммен байланысты екені айтылады. Акциялар Тегеран, Шираз және Исфахан қалаларында өтті.

Студенттер «Диктаторға өлім» және «Бостандық» деп ұрандап, қаза тапқандарды еске алды. Ал билікті қолдайтын топтар әкімшілік пен қауіпсіздік күштерінің қолдауымен дұға жасап, шеру өткізді. Мемлекеттік БАҚ осы аптада кампустардың ішінде ұсталғандар болмағанын хабарлады. Алайда бірқатар студентке тәртіптік іс қозғалып, кейбірі оқудан уақытша шеттетілген.

Қаңтардағы наразылықтарға қатысқандардың көбі, оның ішінде кәмелетке толмағандар да, әлі қамауда отыр. Кейбір студенттерге университетке кіруге тыйым салынғаны туралы хабарламалар жіберілген. Шариф технологиялық университеті басшылығы жағдайды прокуратура қарап жатқанын, ал ұсталу жағдайында әкімшіліктің шешімге ықпал ете алмайтынын ескерткен.

Наразылықтар аясында кибершабуылдар да тіркелді. Шариф университетінің сайты бұзылып, бас бетінде уақытша революцияға дейінгі атауы пайда болған. Бұған қоса, ондаған мың адамға АҚШ президенті Дональд Трамптың ұстанымы туралы хабарламалар келген. Бұған дейін Трамп Иранның ядролық бағдарламасы бойынша келісімге келмеген жағдайда қатаң шаралар қолданылуы мүмкін екенін айтқан еді.