2026 жылғы ақпанға қарай Ресейде және Украинаның оккупацияланған аумақтарында соғысқа қарсы көзқарасына байланысты 4 мыңнан астам адам қылмыстық істердің фигурантына айналған. Мұндай деректерді «Поддержка политзеков. Мемориал» құқық қорғау жобасы келтіреді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Құқық қорғаушылардың есебінше, 18 ақпандағы жағдай бойынша соғысқа байланысты саяси себеппен қозғалған істер бойынша кемінде 4029 адам қудаланып отыр. Олардың қатарында Ресей азаматтары да, Украина азаматтары да бар. Қудаланғандардың шамамен үштен бірі — Украина азаматтары.
Құқық қорғау ұйымы кемінде 551 украин азаматы мен 726 украин әскери қызметкерінің аты-жөнін анықтағанын хабарлады. Соғыс басталғалы бері кемінде 39 украин азаматы өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кесілген. Қазіргі уақытта 3059 адам қамауда отыр.
Ресей соттары мұндай істер бойынша 2730 үкім шығарған. Соның 2302-сінде нақты бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған. Зерттеу авторларының айтуынша, бұл істер бойынша бірде-бір ақтау үкімі шықпаған.
Ең көп іс Курск облысында тіркелген — 346 адам. Одан кейін Ресей бақылауындағы Донецк облысының бір бөлігі (289), Мәскеу мен Мәскеу облысы (249), сондай-ақ аннексияланған Қырым (212) тұр.
Жалпы алғанда, оккупацияланған аумақтарда — Донецк, Луганск, Херсон және Запорожье облыстарында, сондай-ақ Қырым мен Севастопольде — 899 адам қудалауға ұшыраған.
Ресей азаматтарына көбіне мемлекетке опасыздық жасау (473 адам), террорлық әрекеттер (317) және терроризмге жария түрде шақыру немесе оны ақтау (298) айыптары тағылған. Ал Украина азаматтарына негізінен мемлекетке опасыздық (199 адам), терроризм (159) және тыңшылық (125) баптары бойынша айып тағылып отыр.