Алматыда мектеп оқушысы жыныстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болды. Бұл туралы адвокат Ляззат Рақышева хабарлады, деп жазады Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Адвокаттың айтуынша, қылмысты қыздың әкесінің танысы, отбасымен араласқан ер адам жасаған. Қыздың ата-анасы ажырасқан. Қазіргі уақытта анасы мас күйінде көлік басқарғаны үшін колонияда жазасын өтеп жатыр.
– Анасына бұл қылмыс туралы ешкім хабарламаған. Тергеу жүргізіліп, іс сотқа да жеткен. Бірақ бірде-бір орган оны құлағдар етпеген. Ол бар болғаны алты ай өткен соң ғана бәрін білген, – деді адвокат.
Осы уақыт ішінде, Ляззат Рақышеваның сөзінше, қызға әкесі, туыстары және күдіктінің адвокаты тарапынан психологиялық қысым жасалған. Соның салдарынан ол сотта бастапқы берген көрсетімдерін өзгерткен.
– Оны қайта көндірген. «Бұған өзің кінәлісің» деп сендірген. Сотта ол толықтай басқа жауап берді, – дейді адвокат.
Адвокаттың айтуынша, қазір анасы да, қыз да психологиялық әрі құқықтық қолдаусыз қалған. Ал күдікті ВИЧ-инфекциясын жұқтырған адам болып шыққан.
ПОЛИЦИЯ ЖАУАБЫ
Алматы қалалық полиция департаменті Ulysmedia.kz редакциясына бұл қылмыстық істі Алмалы аудандық полиция басқармасы тергегенін хабарлады.
– Күдікті қылмыс жасалғаннан кейін көп ұзамай ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Барлық қажетті тергеу әрекеттері жан-жақты әрі объективті түрде жүргізілді. Тергеу барысы полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында болды, – деп мәлімдеді полиция өкілдері.
Ведомствоның мәліметінше, тергеу желтоқсан айында аяқталған. Қазіргі уақытта іс сотта қаралып жатыр.