Қазақстан Навальныймен байланысты белсендіні Ресейге тапсырмайтын болды

Сырым Қаржас
Ашық дереккөзден

Қазақстанның Бас прокуратурасы Ресей азаматы Юлия Емельяноваға қатысты экстрадициялау процесін оған босқын мәртебесін беру туралы өтініш толық қаралғанға дейін тоқтатты. Оның ісі бойынша келесі сот отырысы жергілікті уақытпен 27 ақпанда сағат 11:00-де өтеді. Бұл ақпаратты «Ковчег» басылымына Юлия Емельянованың адвокаты мәлімдеген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Еске салайық, 10 ақпанда Қазақстан билігі Ресейдің экстрадициялау туралы сұрауын қанағаттандыру жөнінде қаулы шығарған болатын. Бұл шешімге Қазақстан Бас прокурорының орынбасары қол қойған. Алайда құжат процессуалдық заңбұзушылықпен рәсімделген: Юлия Емельянованың Қазақстанда саяси баспана беру туралы өтініші әлі толық қаралмаған еді. Бұған дейін прокуратура бұл өтініш аяқталғанға дейін экстрадиция мәселесі қаралмайтынына кепілдік берген.

КОНТЕКСТ

Юлия Емельяноваға өткен жылдың қыркүйегінде Қазақстанда саяси баспана іздеуші куәлігі берілген. Ол 31 тамызда Алматы әуежайында транзиттік рейс кезінде ұсталған. Ұстауға Ресей бастамашы болған мемлекетаралық іздеу жариялануы негіз болған.

Ресейлік құқық қорғау органдары Емельянованы телефон ұрлады деп айыптап отыр. Ал өзі және құқық қорғаушылар бұл істі қолдан жасалған деп санайды. Олардың пікірінше, белсендіні саяси қызметі үшін қудалап отыр. Емельянова 2022 жылға дейін Ресейде Алексей Навальный штабтарында белсенді болған.