"Трамптың кеңесшілері ақымақ" - Қазақстандағы Иран елшісі

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

АҚШ Ирандағы соғысты бастауы қажет емес еді. Бұл туралы Қазақстандағы Иран Ислам Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Әли Акбар Джоукар журналистермен әңгіме барысында айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Елші АҚШ президенті Дональд Трамптың әскери қимылдарды бастау туралы шешіміне пікір білдіріп, оның кеңесшілерін қатаң сынға алды. Сондай-ақ Иранда Венесуэладағыдай сценарийді қайталау мүмкін еместігін атап өтті.

– Мен Трамптың… оның кеңесшілері ақымақ деп ойлаймын. Мен соғысты бастауға итермелеген адамдарды айтып отырмын. Әрине, АҚШ-та әлдеқайда білікті, ақпараттанған кеңесшілер бар, бірақ Трамп оларды тыңдамады. Қазірдің өзінде әлемдегі ең беделді зерттеу орталықтары бұл әрекеттердің қажеті болды ма деген сұрақ қоя бастады. Осы соғыстың салдарынан Иранда мыңнан астам жазықсыз адам қаза тапты. Балалар, мектеп оқушылары көз жұмды, азаматтық нысандар, мектептер мен ауруханалар шабуылға ұшырады.

Қазір соңғы күндерге назар аударайық: өңірдегі АҚШ-тың барлық әскери базаларына Иран тарапынан соққы жасалды. Мұның бәрі миллиардтаған шығынға және аймақ қауіпсіздігінің бұзылуына тұрарлық па еді? Тәжірибелі кеңесшілер Трампқа Иранмен соғыс Венесуэладан мүлде бөлек екенін айтқан. Егер бұл соғыс басталса, ол ұзаққа созылады, – деді елші.

КОНТЕКСТ

28 ақпанда АҚШ пен Израиль Иранға қарсы әскери операция бастаған. Әуе соққылары кезінде Иранның рухани көсемі аятолла Әли Хаменеидің қаза тапқан.

Оқи отырыңыз: Аятолланың өлімі соғыстың басы ма? Ирандағы жағдай енді қалай қарай өрбуі мүмкін?