"Соғысты тоқтату үшін Ресей мен Украина келісуі керек" - Трамп

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей мен Украина арасындағы соғысты тоқтату жөніндегі келіссөздер өзі үшін басты басымдықтардың бірі екенін мәлімдеді. Бұл туралы ол 3 наурызда Ақ үйде Германия канцлері Фридрих Мерцпен кездесуі кезінде айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Трамптың айтуынша, бастапқыда ол бұл соғысты реттеу әлдеқайда оңай болады деп ойлаған. Алайда оның сөзінше, Владимир Путин мен Владимир Зеленскийдің арасында «өте үлкен өшпенділік» бар.

АҚШ президенті кейде жауапкершілікті бір тарапқа, кейде екінші тарапқа жүктейтінін, бірақ соған қарамастан келісімге қол жеткізіледі деп үміттенетінін айтты. Оның пікірінше, бұл соғыс Екінші дүниежүзілік соғыстан бергі ең ауыр қақтығыстардың бірі.

Трамп сондай-ақ соңғы төрт аптада, өзінің деректеріне сүйенсек, Украинада шамамен 32 мың ресейлік және украиналық әскери қаза тапқанын мәлімдеді. Ол бұл соғысты «ақылға қонбайтын» деп атап, оны тоқтату үшін екі тараптың да келісімі қажет екенін айтты.

Трамп «танго билеу үшін екі адам керек» екенін де атап өтті.

Иран төңірегіндегі жағдай туралы сұрақтарға жауап берген Трамп АҚШ-тың қару-жарақ қоры «өте үлкен» әрі «іс жүзінде шексіз» екенін айтты. Сонымен қатар ол өзінің алдында президент болған Джо Байденді сынға алып, оның «аңғалдықпен әрі тегін» Украинаға көп көлемде қару-жарақ бергенін мәлімдеді.

Трамптың айтуынша, қазір Киевке жеткізілетін қару-жарақтың ақысын Еуропа елдері төлеп отыр.

КОНТЕКСТ

Фридрих Мерц 3–4 наурыз күндері АҚШ-қа ресми сапармен барды. Бұған дейін ол Трамппен кездесуде америкалық баж салығы мәселесін де талқылауды жоспарлап отырғанын айтқан еді.

Оның сөзінше, АҚШ Жоғарғы соты енгізілген тарифтердің бір бөлігін заңсыз деп танығаннан кейін, неміс компаниялары қомақты қаржысын қайтарып алуы үшін келіссөз жүргізу қажет.