Атырау мұнай өңдеу зауытындағы рұқсатсыз зиян заттарды ауаға таратуына байланысты іс сотқа жолданды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Өткен жылдың желтоқсанында және биыл қаңтарда зауыттағы бірнеше қондырғының жұмысында технологиялық ақаулар болған.
2025 жылы кәсіпорынға атмосфераға 15 641 тонна көлемінде шығарындылар жасауға рұқсат берілген. Алайда тексеріс нәтижесінде белгіленген экологиялық нормалардың асып кеткені анықталды.
Атырау облысы экология департаментінің мәліметінше, факельдік жүйе арқылы атмосфераға шамамен 40 мың текше метр отын газы тиісті экологиялық рұқсатсыз шығарылған.
Экология департаментінің басшысы Асқар Жүсіповтің айтуынша, апатты шығарындылар салдарынан ауаға бірқатар қауіпті химиялық заттар тараған.
— Атмосфералық ауаға күкіртсутек, бензол, толуол, ксилол, этилбензол, амилендер, бутилен, этилен, аммиак және көміртек оксиді сияқты заттар тарады, – деді ол.
Бұл заттардың бір бөлігі улы болып саналады және адам денсаулығына әрі қоршаған ортаға кері әсер етуі мүмкін.
БҰРЫНҒЫ ЖАҒДАЙЛАР
Өткен жылы зауыт әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Жалпы айыппұл көлемі 34,1 млн теңге болған. Экология саласының мамандары кәсіпорында мұндай заңбұзушылықтар бірнеше рет тіркелгенін айтады.
— Осыған байланысты материалдар сотқа жолданды. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 328, 324 және 327-баптарына сәйкес, айыппұлдан бөлек кәсіпорын қызметін уақытша тоқтату шарасы да қарастырылған, — деді Асқар Жүсіпов.
Бұл іс бойынша соңғы шешімді сот қабылдайды.