Ресейде Украинамен бейбіт келіссөздер жүргізуді қолдайтындардың саны артқан. Бұл туралы «Левада-центр» жүргізген сауалнама нәтижелерінен белгілі болған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Зерттеу нәтижесіне сәйкес, қазір респонденттердің 67 пайызы келіссөздерді бастау идеясын қолдайды. Соңғы бір айда бұл көрсеткіш 6 пайыздық тармаққа өсіп, бақылау жүргізіле бастағаннан бергі ең жоғары деңгейге жеткен.
Ал соғысты жалғастыруды қолдайтындардың саны керісінше азайған. Қазір олардың үлесі – 24 пайыз. Бұл – осыған ұқсас сауалнамалар жүргізілген уақыт ішіндегі ең төменгі көрсеткіш.
Әлеуметтанушылардың мәліметінше, келіссөздерді көбіне әйелдер, 25 жасқа дейінгі жастар, табысы мен білімі салыстырмалы түрде төмен адамдар, сондай-ақ ауыл тұрғындары қолдайды. Бұған қоса, жаңалықты негізінен әлеуметтік желілерден алатындар арасында да келіссөзді жақтайтындар көп.
Ал соғысты жалғастыру идеясын көбіне ер адамдар, 55 жастан асқандар, жоғары білімді және табысы жоғары респонденттер қолдайды. Мұндай пікірлер Мәскеу тұрғындары мен ақпаратты көбіне теледидардан және ресейлік видеоплатформалардан алатындар арасында да жиі кездеседі.
Сонымен қатар, Ресей қоғамында соғыс тақырыбына қызығушылық азайып бара жатқаны байқалады. Сауалнама деректеріне сәйкес, 2026 жылдың ақпанында қақтығысқа қатысты жаңалықтарды ресейліктердің жартысынан азы ғана – шамамен 44 пайызы бақылап отырған. Бұл – бақылау жүргізіле бастаған уақыттан бергі ең төменгі көрсеткіш.
АЙТА КЕТЕЙІК
Сауалнама 18–25 ақпан аралығында 18 жастан асқан 1625 адам арасында жүргізілген. Зерттеуге Ресейдің 50 өңіріндегі 137 елді мекеннің тұрғындары қатысқан. Сұқбаттар респонденттердің тұрғылықты жерінде бетпе-бет форматта өткізілген.