1991 жылдан бергі ең төменгі меже: Қытай экономикасы неге баяулады?

Ulysmedia
Фото: ашық дереккөзден

Қытай Иран мен Украинадағы соғыс, Вашингтонмен арадағы сауда дауы тұсында ЖІӨ өсімінің мақсатты көрсеткішін 4,5%-ға дейін төмендетті. Соңғы үш жыл бойы ол 5% деңгейінде бағаланып келген, деп хабарлайды Ulysmedia.

Мән-жай

Қытай 2026 жылға арналған ЖІӨ өсімінің мақсатты көрсеткішін 4,5–5% деңгейінде белгіледі. Бұл – 1991 жылдан бергі ең төменгі меже. Соңғы үш жыл бойы ҚХР билігі бұл көрсеткішті тұрақты түрде 5% деп бағалап келген.

DPA агенттігінің жазуынша, Пекин болжамның төмендеуін жаһандық тұрақсыздық жағдайымен түсіндірген. Атап айтқанда, Украина мен Ирандағы соғыс салдары және АҚШ және президент Дональд Трамп кезеңінде басталған сауда соғысын меңзеген.

DPA жазуынша, ЖІӨ өсімінің төмендеуіне Қытай ішіндегі проблемалар да әсер еткен. Елде қарқынды өндіріс пен ішкі сұраныс арасындағы теңсіздік сақталып отыр. Жұмыссыздық мәселесі мен жылжымайтын мүлік нарығындағы дағдарыс жалғасып келеді.

Сарапшылардың айтуынша, Қытайдың экономикалық моделі әлі де өнеркәсіп пен экспортқа бағытталған. Күтіліп отырған жаңа бесжылдық бюджет жоспары технологиялық дамуды жеделдетуді және жасанды интеллектіні халықтың күнделікті өмірі мен кәсіпорындар қызметіне кеңінен енгізуді көздеп отыр.

Әскери салада Қытай бұрынғы бағытын сақтап отыр. ҚХР үкіметі 2026 жылы қорғаныс шығындары 1,7 трлн юаньды (шамамен 236 млрд еуро) құрайтынын мәлімдеді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда шамамен 7 пайызға көп.

Қытай АҚШ-тан кейін әлемдегі әскери бюджеті бойынша ең ірі екінші мемлекет.