Атыраудағы қанды оқиға: күдіктілерді Қазақстанға қашан экстрадиция жасайтыны белгілі болды

Ulysmedia
Фото: qamqor.gov.kz

Индонезияда ұсталған ерлі-зайыптыны Қазақстанға қашан экстрадициялайтыны белгілі болды, деп хабарлайды Ulysmedia.

Мән-жай

Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділовтің сөзінше, Индонезияда ұсталған Сұлтан Сәрсемәлиев пен Ақбаян Мұқанғалиева Қазақстанға осы айда жеткізіледі.

«Жақын арада екі күдікті Индонезиядан Қазақстанға жеткізіледі. Жұмыс атқарып жатырмыз. Осы айда алып келеміз», – деді Санжар Әділов.

Бұдан бөлек, Әділов Атырау облысында із-түссіз жоғалған екі адам әлі де іздестіріліп жатқанын айтты. Сөзінше, арнайы тергеу тобы жұмыс істеп жатыр.

Контекст

Тергеу деректеріне сәйкес, 2025 жылы қарашада Атырау облысында күдікті ұзаққа созылған тұрмыстық жанжал мен пайдакүнемдік ниет негізінде екі адамды қасақана өлтіруді алдын ала жоспарлап, жүзеге асырған. Қылмысты жасағаннан кейін ізін жасыру мақсатында мәйіттерді шаруашылық құрылыс нысанының астына көміп, қан іздерін жойған, сондай-ақ жәбірленушілердің мүлкі мен қаражатын иемденген.

Былтыр желтоқсанда Атырау облысының Қызылқоға ауылында тұтастай бір отбасының із-түссіз жоғалып кеткені туралы хабар тараған. Кейіннен ерлі-зайыпты Максот Қарабалин мен Нәсіп Өтешқалиеваның мәйіті өздері тұрған үй аумағынан табылған. Іс бойынша отбасының күйеу баласы Сұлтан Сәрсемәлиев күдікті деп танылып, іздеу жарияланған.